Президент Испания Короліне құттықтау жеделхатын жолдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Король VI Фелипе мен оның отандастарын осы елдің ұлттық мерекесі – Испан халқы күнімен құттықтады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Мемлекет басшысы Қазақстан мен Испания арасындағы достық пен түсіністікке негізделген қарым-қатынастың түрлі салада нығайып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар бірлескен күш-жігердің арқасында екіжақты ынтымақтастық қос халықтың игілігі жолында дами беретініне сенім білдірді», – делінген хабарламада.
Қасым-Жомарт Тоқаев Король VI Фелипенің бастамаларына сәттілік, ал достас испан халқына бақ-береке тіледі.
Айта кетейік, кеше Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысты. Президент Астана қаласындағы Ботаникалық саябақта ерікті және белсенді жастармен бірге ағаш екті.



