Ақтаудағы апат: Түпқараған ауданында төтенше жағдай жарияланды
Ақтау қаласының маңындағы ұшақ апаты болған жерге Қазақстан Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов барды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Azerbaijan Airlines авиакомпаниясының деректері бойынша бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың арасында: 6-ауы – Қазақстан азаматы, 42-сі – Әзербайжан азаматы, 3-еуі – Қырғызстан азаматы, 16-сы – Ресей азаматы.
Оқиға салдарынан 29 адам, оның ішінде 2 бала ауруханаға жатқызылды. Оның ішінде 15і-і – Әзірбайжан азаматы, 9-ы – Ресей азаматы, 3-еуі – Қырғызстан азаматы, 2 адамның азаматтығы анықталуда.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев, ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев және ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев, сондай-ақ үкіметтік комиссия мүшелері төтенше жағдайлар орнына барды. Сонымен қатар Әзербайжан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, генерал-полковник Кямаладдин Фаттах оглы Гейдаров төтенше жағдайлар орнында, - делінген ведомство хабарламасында.
Жедел байланыс үшін Астана қаласындағы Командалық орталықта және Маңғыстау облысының ТЖД-да жедел желі телефондары жұмыс істейді. Жедел желі нөмірлері:
8-7172-55-96-21;
8-7172-55-96-83;
8-7292-31-90-91.
Оған 571 өтініш түсті.
Түпқараған ауданы әкімдігінің өкімімен жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланды.
Оқиға салдарын жоюға 492 адам, 97 техника, 2 әуе кемесі және 4 кинологиялық есеп жұмылдырылды. Жұмыстарға Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Қорғаныс министрліктерінің, Ұлттық ұланның, мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтің, Апаттар медицинасы орталығының, жедел медициналық көмек бригадасының және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері тартылды.
ТЖМ кинологиялық қызметі іздеу жұмыстарын жүргізуде. Қазақстан, Ресей және Әзірбайжан ТЖМ бейнеконференцбайланыс режимінде үйлестіру жұмыстарын жүргізіп, ақпарат алмасуда.
Айта кетейік, Ақтау қаласының маңында ұшақ апатқа ұшыраған болатын. Қайғылы оқиғаның себеп-салдарын тексеру үшін Үкіметтік комиссия құрылды.
Ұшақ апатына байланысты қылмыстық іс қозғалды.
Мемлекет басшысы Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтты.