Ақмола облысында полиция инспекторы алаяқтық үшін жазаланды


Ақмола облысы Ерейментау ауданында полиция инпекторы азаматшадан жалған айыппұл төлеуді талап еткен, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Осылайша полиция қызметкері айыппұл соммасын өзінің банк шотына аудартқан.
Ал шын мәнінде, азаматшаға ешкім шағым жасамаған және заңды түрде айыппұл салынбаған.
Ақмола облысы соттарының баспасөз қызметінің мәліметінше, Ерейментау аудандық сотында полиция инспекторына қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша («Алаяқтық») іс жүргізу келісімімен қылмыстық іс қаралды.
«Жаза тағайындауда, сот келтірілген залал ерікті түрде өтелгенін, инспектордың жасаған ісіне өкінгенін, қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға белсенді ықпал ету және кішкентай балаларының болуын жеңілдететін мән-жайлар деп ескерді. Қабылданған антты бұзған адамның қылмыстық құқық бұзушылық жасауы - ауырлататын мән-жай деп танылды»,- делінген сот хабарламасында.
Осылайша сот үкімімен полиция инспекторы келтірілген залалдың 10 еселенген мөлшерінде (100.000мың ) айыппұл салынып, ол өмір бойы мемлекеттік қызметтен және «полиция капитаны» атағынан айырылды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Бұл іс бойынша сот отырысына аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қатысып, мұндай құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.



