Ақмола облысында аса ірі көлемде ақша жымқырған есепші сотталды


Ақмола облысында бұрынғы есепші аса ірі көлемде ұрлық жасағаны үшін сотталды, деп хабарлады Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Жарқайың ауданы прокуратурасымен «Аудандық мәдениет үйі» МКҚК-ның қаржы-шаруашылық қызметіне жүргізілген тексеру барысында аса ірі мөлшерде ақша қаражатын ұрлау фактісі анықталды.
«2025 жылғы 13 маусымда Жарқайың аудандық сотының үкімімен кәсіпорнының бұрынғы есепшісі аса ірі мөлшерде ақша қаражатын ұрлағаны үшін орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеумен 6 жыл бас бостандығынан айрылып, 7 жыл мерзімге мемлекеттік және квазимемлекеттік секторларда материалдық жауапкершілігі бар лауазымдарды атқару құқығынан айырылды», - деп жазылған прокуратура хабарламасында.
Сот тергеуі кезінде сотталушы өз қызметтік жағдайын пайдалана отырып, ұзақ уақыт бойы мекеменің ақшалай қаражатын жүйелі түрде жымқырғаны белгілі болды. Келтірілген залалдың жалпы сомасы 30 млн теңгеден асты.
Сот мекеменің азаматтық талабын да қарап, келтірілген шығынды толық өтеу жөнінде шешім шығарды.



