«Ұлы Дала Аруы»: Астанада жүздеген адам ерекше инсталляция құрастырып шықты
EXPO алаңында қала тұрғындарының қолымен жасалған «Ұлы Дала Аруы» атты арт-инсталляция ашылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жоба авторы – шебер Рахима Берген. Оның жұмысына балалардан бастап әжелерге дейінгі төрт буын қатысты. Олар 3250 шаршы тоқып, одан Қазақстанның барлық өңірін бейнелейтін 17 күн шапағын құрастырған. Әр элемент жеке шаңырақты білдіреді.
Кейбір адам үшін бұл жоба күнделікті күйбеңнен серпілуге мүмкіндік болса, енді бірі үшін ортақ іске үлес қосу жолы болды. Мәселен, қатысушылардың бірі әжесінің құрметіне 90 шаршы тоқып шыққан.

Жоба әкімдіктің қолдауымен жүзеге асырылып, тек фотоаймақ емес, дәстүр мен шығармашылық арқылы адамдарды біріктіретін ерекше кеңістікке айналды.
Бұған дейін Астана әкімінің қала жұртын Наурыз мейрамымен құттықтағанын жаздық.