Қайтарылған активтер: ШҚО-ның Алтай ауданында МРТ орталығы ашылды
Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданында Магнитті-резонанстық томография орталығын орналастыруға арналған жаңа ғимараттың ашылуы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz облыстық прокуратураға сілтеме жасап.
Жоба Мемлекет басшысының прокуратура органдары мемлекетке қайтарған заңсыз иемденілген активтерді әлеуметтік маңызы бар объектілерді қаржыландыруға бағыттау жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылды. Жобаның жалпы құны — 622,6 млн теңге.
Осы уақытқа дейін Алтай ауданында жеке томография кабинеті болмаған. Тексеруден өту үшін тұрғындарға 175 шақырымдағы облыс орталығына баруға тура келетін, бұл егде жастағы пациенттерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға және шұғыл диагностиканы қажет ететін азаматтарға қиындық туғызды.
Жаңа МРТ орталығының ашылуы ауданның және іргелес елді мекендердің 50 мыңнан астам тұрғынын сапалы әрі дер кезіндегі диагностикалық көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Осындай жобаларды жүзеге асыру денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді, сондай-ақ мемлекетке қайтарылған қаражаттың ашық әрі тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етеді.
Еске салсақ, Жамбыл облысында қайтарылған активтер есебінен 80 мыңнан астам тұрғын газға қосылды.