Қазақстан ТРАСЕКА Үкіметаралық комиссиясына төрағалық етуді қабылдады

Бүгін, 13:26
Думан Аманжол Думан Аманжол
Қазақстан ТРАСЕКА Үкіметаралық комиссиясына төрағалық етуді қабылдады
Фото: Көлік министрлігі

Қазақстан ТРАСЕКА Үкіметаралық комиссиясындағы төрағалықты қабылдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.

Астанада ТРАСЕКА Үкіметаралық комиссиясының (Еуропа – Кавказ – Азия) XVIII жыл сайынғы отырысы өтуде. Іс-шараға ТРАСЕКА Негізгі көпжақты келісіміне қатысушы мемлекеттердің делегациялары, ТРАСЕКА ҮАК Тұрақты хатшылығының өкілдері, бақылаушы елдер, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен серіктестер қатысуда.

Отырыс аясында халықаралық көлік дәліздерін дамыту, өңір елдерінің транзиттік әлеуетін нығайту, тасымалдарды цифрландыру және ТРАСЕКА кеңістігіндегі ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелері талқылануда.

Қатысушылар алдында ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев сөз сөйлеп, халықаралық көлік ынтымақтастығын дамыту, көлік инфрақұрылымын жаңғырту және ТРАСЕКА кеңістігіндегі тасымалдардың тиімділігін арттыру басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.

«Қазақстан Республикасы ТРАСЕКА кеңістігінде тұрақты, қауіпсіз және бәсекеге қабілетті көлік бағыттарын дамытуға алдағы уақытта да белсенді түрде ықпал етуді жалғастырады», — деді министр.

XVIII отырысының күн тәртібінде сондай-ақ транзиттік-көліктік өзара іс-қимыл, халықаралық логистикалық тізбектерді жетілдіру, бірқатар құжаттарға қол қою, сондай-ақ ТРАСЕКА ҮАК Тұрақты хатшылығының Бас хатшысын сайлау мәселелері қаралды. Іс-шара барысында Иран Ислам Республикасы ТРАСЕКА Үкіметаралық комиссиясындағы төрағалықты ресми түрде Қазақстан Республикасына тапсырды. 

Қазақстанның ТРАСЕКА ҮАК-ға төрағалықты қабылдауы халықаралық көлік дәліздерін дамытуға, өңірдің транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтуге және Еуропа мен Азия елдері арасындағы көлік байланысын одан әрі нығайтуға қосымша серпін бермек.

Айта кетейік, ТРАСЕКА — Еуропа, Кавказ және Азия елдерін байланыстыратын маңызды халықаралық көлік дәліз. Бүгінде Негізгі көпжақты келісімнің қатысушылары болып 14 мемлекет табылады: Әзербайжан, Армения, Болгария, Грузия, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Румыния, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан және Украина.