Олжас Бектенов отандастарымызды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады

Бүгін, 11:14
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Олжас Бектенов отандастарымызды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады
Фото: t.me/KZgovernment

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов қазақстандықтарды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Құрметті отандастар!

Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бірлік пен ынтымақ – ешқашан ескірмейтін құндылықтар және ол мемлекеттік саясаттың бұлжымас бағдары болып қала беретінін әрдайым атап өтуде.

Бұл күн – еліміздегі ұлт пен ұлыстар арасындағы татулық пен өзара сыйластықтың, сан алуан мәдениет пен дәстүр жарасым тапқан берекелі бірліктің айқын көрінісі.

Қазақстан қоғамындағы келісім мен тұрақтылық – біздің ең басты қазынамыздың бірі әрі орнықты дамудың берік негізі.

Еліміз кез келген сын-қатерді бірлесіп еңсеріп, ортақ мақсаттарға ұмтылу арқылы дамудың жаңа кезеңіне сеніммен қадам басып келеді. Жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция – Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған тарихи таңдау.

Дәл осы қағида Қазақстанның тұрақтылығы мен орнықты дамуының кепілі болмақ.

Айтулы мерекеде баршаңызға зор денсаулық, әр шаңыраққа құт-береке, еңбектеріңізге мол табыс тілеймін!», - деді ол. 

Еске салайық, бұған дейін Президент Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтағаны туралы жаздық.