«Кипрдан пәтер алуға көмектесемін»: 100 млн теңгені жымқырған күдікті Грузиядан экстрадицияланды
Бүгін Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігі Интерполының қызметкерлері Грузиядан аса ірі мөлшердегі алаяқтық жасады деген күдікпен қазақстандықты экстрадициялады, деп хабарлайды Elordainfo.kz қадағалау органының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ол 2021 жылғы қаңтар мен 2022 жылғы ақпан аралығында Атырау қаласында Кипрдан пәтер сатып алуға жәрдем көрсетемін деген сылтаумен, бірнеше ақшалай аударым арқылы, Қазақстан азаматшасының 100 миллион теңгеден астам ақшалай қаражатын алаяқтық жолмен жымқырып кеткен деп күдіктелуде.
Кейін күдікті шетелге кетіп, оған байланысты халықаралық іздеуге жарияланды.
2026 жылы маусым айында ол Грузия аумағында ұсталып, ҚР Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды.
Оған тағылып отырған қылмыс үшін мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан он жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.