Келесі жылы еліміздегі апорт бақтардың аумағы 110 гектарға жетеді

Бүгін, 17:52
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Келесі жылы еліміздегі апорт бақтардың аумағы 110 гектарға жетеді
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында Ауыл шаруашылығы министрлігі ҚР Президенті Іс басқармасымен бірлесіп, әйгілі қазақстандық апорт алма бақтарын қайта жаңғырту жөніндегі Жол картасын жүзеге асыру жұмысын жалғастыруда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап. 

Жоспарға сәйкес, 2027 жылға дейін осы бірегей сұрыптың жаңа екпелерінің аумағы тағы 100 гектарға ұлғайып, жалпы көлемі 110 гектарға жетпек.

Апорт сұрпын кең ауқымда қайта жаңғыртуға қазақстандық ғалымдардың көпжылдық іргелі зерттеуі негіз болды.

2006–2011 жылдар аралығында Қазақ жеміс және жүзім шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантині ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп, Сиверс алмасы мен Апорт сұрпын зерттеу бойынша экспедициялық жұмыс жүргізді.

Зерттеу нәтижесінде Жоңғар Алатауы мен Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи парктерінің аумағындағы жабайы алма ағашы популяциясынан 30 түрлі үлгі жиналды.

Іріктеліп алынған Апорт клондарынан зертханалық (in vitro) жағдайда вирустық аурулардан таза көшеттер алынды.

Молекулалық талдау негізінде ғалымдар ДНҚ-профильдері сәйкес келетін 11 сұрып-телітуші комбинациясын анықтап, көшеттер өсірді.

Осы көшеттерден 2015 жылы Помологиялық бақта 5 гектар аумақта тәжірибелік бақ отырғызылды. Бұл бақ 2022 жылы алғашқы өнімін берді. Аталған кезеңдегі маңызды жетістіктердің бірі – ДНҚ талдауы арқылы Сиверс алмасының бактериялық күйік пен қотыр ауруына табиғи төзімділік гендері бар ерекше формаларын анықтау болды.

2025 жылы Институттың Талғар өңірлік филиалында 10 гектар аумақта жаңа бақ отырғызылды.

Қазіргі уақытта мамандар алдағы 100 гектар жерге алма ағаштарын отырғызуға қажетті сапалы көшет материалдарын дайындап жатыр.

«Апорт» бренді БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) беделді «Бір мемлекет – бір басым дақыл» халықаралық бастамасы аясында Қазақстанның басым дақылы ретінде ресми түрде ұсынылды.