Елордада қар тазалау тәулік бойы жүріп жатыр
Астана қаласында қар күреу жұмыстары қарқынды түрде жалғасуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігіне сілтеме жасап.
Өткен түнде шаһардан 49 543 текше метр қар шығарылды.
18 наурыз таңынан бастап қар мен мұзды тазалауға 1 785 арнайы техника мен 3 037 жол қызметкері тартылды. Ең алдымен негізгі магистральдар мен қоғамдық көлік бағыттары тазартылып, кейін аулалар, алаңдар, тротуарлар мен аялдамаларда жұмыстар жүргізілуде.

Қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету мақсатында жолдар мен жаяу жүргінші аймақтарына техникалық тұз себіліп жатыр. Бұл жұмыстар тәулік бойы тоқтаусыз атқарылуда.
«Қыс маусымы басталғалы бері қар полигондарына 520 мыңнан астам рейс жасалып, жалпы көлемі 7,9 миллион текше метрден астам қар шығарылды, - делінеді хабарламада.
Қала әкімдігі тұрғындар мен қонақтарды жолда абай болуға және сапар алдында ауа райы жағдайын ескеруге шақырады.
Еске салсақ, Елордада бір түнде 50 мың текше метрден астам қар сыртқа шығарылғанын жазғанбыз.