Елордадан бір түнде 50 мың текше метрден астам қар шығарылды
Өткен түні елорда көшелерінен 50 492 текше метр қар шығарылып, бұл жұмыстарға 3 073 ауыр жүк көлігі тартылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.
Бүгін таңертеңнен бастап көшелерді қар мен мұздан тазалауға 1 867 арнайы техника және 3 001 жол жұмысшысы жұмылдырылған.
Алдымен негізгі магистральдық көшелер мен қоғамдық көлік бағыттары тазартылып жатыр. Кейін қозғалыс қарқыны орташа аумақтарда, яғни аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда қар тазалау жұмыстары жалғасады.
Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жолдар мен тротуарларға техникалық тұз себілуде. Бұл жұмыстар да тәулік бойы жүргізіліп жатыр.
«Қыс маусымы басталғалы бері қар полигондарына 507 140 рейс жасалып, жалпы 7 млн 697 мың 958 текше метр қар шығарылған», - делінеді хабарламада.
Қала әкімдігі тұрғындар мен қонақтарды жолдар мен тротуарларда абай болуға, қауіпсіздік талаптарын сақтауға және жолға шығар алдында ауа райы жағдайын ескеруге шақырады.
еске салсақ, өткен түні елордада ағаштан жасалған моншада өрт шыққан болатын.