Ақылы жолдарда төлем жасау талаптары өзгерді
Көлік министрлігі ақылы жолдармен жүру ақысын төлеу тәртібіне өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Енгізілген өзгерістердің негізгі мақсаты — жолақыны уақытында төлемеген азаматтардың әкімшілік жауапкершілікке тартылу жағдайларын азайту.
Мәліметке сәйкес, бұған дейін жүргізушілер жол ақысын 7 күн ішінде төлеуі тиіс болатын. Егер төлем жасалмаса, 8-ші күні материалдар көліктік бақылау органдарына жіберілетін.
Жаңа ережеге сәйкес, төлем жасау мерзімі 30 күнге дейін ұзартылды. Егер осы уақыт ішінде жолақы төленбесе, материалдар 31-ші күні тиісті органдарға жолданады.
Сонымен қатар, жеке және заңды тұлғалар үшін бөлек талаптар енгізілді.
Заңды тұлғалар есепті айдан кейінгі айдың 20-сына дейін төлем жасауы тиіс. Бұл мерзім сақталмаған жағдайда, материалдар келесі күні бақылау органдарына жіберіледі.
Бұл өзгерістер республикалық маңызы бар ақылы жолдармен жүрген жүргізушілерге төлем жасау үшін қосымша уақыт береді.
Жаңа тәртіп ресми жарияланған күннен бастап 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.