«Мектепке жол»: елордада 8,5 мыңнан астам балаға көмек көрсетіледі

Астанада 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін дәстүрлі республикалық «Мектепке жол» акциясы өтіп жатыр. Оның аясында әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына, сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға демеушілердің қаражаты есебінен қайырымдылық көмегі көрсетіледі, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Биыл акция аясында қаладағы 8 500-ден астам баланы қамту жоспарланып отыр. Көмек мектеп сөмкелері мен кеңсе тауарлары түрінде беріледі.
Акцияның мақсаты – жаңа оқу жылы қарсаңында отбасыларға қолдау көрсету және әлеуметтік себептерге байланысты сабақтан қалудың алдын алу.
Ата-аналарға, егер балалары көрсетілген санаттарға жататын болса, растайтын құжаттарымен мектепке жүгінуі қажет.
Әлеуметтік педагогтар мұқтаждардың тізімін бірінші сыныпқа қабылданғандар мен жаңадан келген оқушыларды ескере отырып жасайды, - делінген хабарламада.
Учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп, білім алуға қамтылмаған немесе түнде ересектердің қарауынсыз үйден тыс жүрген балаларды анықтау үшін рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылған.
Азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет ету үшін «Сенім телефоны» мен «Жедел желі» (556920), сондай-ақ мектеп жанындағы қоғамдық қабылдаулар жұмыс істейді.



