00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Елордада әскери бөлімнің туған күні тойланды

28 желтоқсан, 2024
Сабина Кәкімжан Сабина Кәкімжан
Елордада әскери бөлімнің туған күні тойланды
Фото: ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Астанадағы Ұлттық ұланнның 5573 әскери бөлімі өзінің 17 жылдық мерейтойын атап өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ұлттық ұланның баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, әскери бөлімді құттықтау мақсатында еліміздің түрлі бірлесе әрекет ететін органдары арнайы келді.

Аталмыш іс-шара әскери бөлімнің мәдени демалыс орталығында өтті.  

Әскери бөлімнің туған күнімен алғашқы құттықтау сөзі Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, Халық қаһарманы, генерал-майор Қайрат Үмбетовке берілді.  Қайрат Жарылқасынұлы қатысушыларды құттықтап, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабековтың атынан бөлім командирі генерал-майор Аян Есжановқа құттықтау хат пен құнды сыйлық табыстады.

«Бүгін біз үшін ерекше күн – 5573 әскери бөлімінің құрылғанына 17 жыл толып отыр. Бұл – Отанға адал қызмет етуді мақсат тұтқан әскери бөлімнің тарихындағы айрықша белес. Сіздерді Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы және жеке өз атымнан әскери бөлімнің туған күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әрдайым бірлік пен тәртіпті ту етіп, алға қойған мақсаттарға бірге жете берейік. Еліміз тыныш, халқымыз бейбіт, бөліміміз абыройлы болсын!» -  деді генерал-майор Қайрат Жарылқасынұлы.

Өз кезегінде әскери бөлімнің командирі генерал-майор Аян Есжанов 17 жыл аралығында мереке иесі – бригаданың құқықтық тәртіп әскерінің тарихында ерлік үлгілерін көрсетіп, дамуына елеулі үлес қосып келе жатқанын жеткізді.

«2007 жылдың 29 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдаған шешім негізінде біздің бөліміміздің іргетасы қаланды. Бүгінде біздің бөліміміз – жоғары кәсіби дайындық деңгейімен, темірдей тәртібімен және елге адал қызмет етудегі  ерік-жігерімен ерекшеленеді. 5573 әскери бөлімі Астана қаласындағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және ел қауіпсіздігін нығайту жолында абыройлы қызмет атқаруда», - деді әскери бөлім командирі генерал-майор Аян Әбдуғаниұлы.

Құттықтау сөздерінің легін Астана қаласының полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Ғосман Жақин, «Астана қаласының Жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Руслан Бешеев жалғады. Одан соң Нұра ауданы әкімінің орынбасары Әлия Әбсеметова, 5570 әскери бөлімінің командирі полковник Азамат Вырахманов пен Ардагерлер кеңесінің төрағасы запастағы подполковник  Абай Дисенбеков ақжарма тілектерін жаудырып, әскери бөлімге сыйлықтарын табыстады.

Іс-шарадан соң мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Ұлттық ұланның ән-би ансамблінің солисттері патриоттық әндер шырқап, бишілері «Қара жорға» және «Жауынгер» билерімен іс-шараның көркін қыздырды. Концерттік бағдарламаның әр номері әртүрлі әсерлі, көрерменнің өне бойына отансүйгіштік сезім ұялатты.

Мерекелік іс-шара соңында әскери бөлімнің ардагерлері мен әскери қызметшілері ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.