00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елордада «Шашбаулым» танымдық-этнографиялық сайысы өтті

29 қараша, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордада «Шашбаулым» танымдық-этнографиялық сайысы өтті
Фото: Сұлтан Сейіт

Астанада «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Шашбаулым» атты танымдық-этнографиялық сайыс өтті. Екінші жыл қатарынан өткізіліп жатқан сайыста жоғары оқу орындары мен колледждерде оқитын 16 ару бақ сынасты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ұлттық дәстүрді ұлықтау мақсатында бұрымды қыздардың «Шашбаулым» байқауын өткізуге Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы және «Руханият» мемлекеттік мекемесі қолдау білдірді. Биылғы сайыстың ерекшелігі жоғары оқу орындары студенттерінің де қатыстырылуы еді.

«Ұлттық құндылықтарымыз құнсызданып, рухани құлдыраған қоғамға аса қажет, тәрбиелік мәні зор бұл іс-шараның маңызы орасан. Қазақ қызының бойындағы ұлттық дәстүрімізге сай әдептілік, көріктілік, ептілік, инабаттылық, кішіпейілділік, сұлулық секілді жан-жақты ұлттық қасиеттерді дәріптеу, қыздардың зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін анықтау, ұзын шашты бойжеткендердің бұрымдарын насихаттауға бағытталды. Сондай-ақ қыздарды мәдени-этикалық, рухани-танымдық құндылыққа тәрбиелеу, қазақ халқының әдет-ғұрпы арқылы қыз бала тәрбиесіне тән қасиеттерді бойына сіңіру, ұлтымыздың сaлт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптaрын, ұлттық киімді заманға сай жаңғырту, жастар арaсында насихaттау, ұлтымыздың уызын, нәрін, сәнін бойжеткендеріміздің бойына сіңіру – сайыстың басты идеясы», - деді «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің директоры Тұрар Шәкен.

Қатысушылар үш кезең бойынша бақ сынасты. Алдымен «Мен қазақтың қызымын» кезеңінде қыздар өздерін таныстырып, «Өнерлі болсаң, озып көр» атты екінші бөлімде халық билерін, вокалдық нөмірлерді және өзге де қойылымдарды көрсетіп, көпшілікке өз өнерлерін паш етті. Соңғы бөлім «Ұлттық құндылығым – рухани қазынам» деп аталып, қатысушыларға ұлттық құндылыққа қатысты зияткерлік сұрақтар қойылды.

Тартысты сайысқа алғаш рет қатысқандардың арасында А.Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтының студенті Сандуғаш Лес болды.

«Мен Тарих факультетінің 1-курс студентімін. Өз оқу орнымда белсенді білім алушылардың бірімін, сондықтан осы сайысқа жоғары курс студенттері мені ұсынды. Сайысқа қатысушылардың барлығы да – ақылына көркі сай арулар. Өз басым, бүгінгі қазақтың қызы осындай болуы керек деп білемін. Қазақылық тек сырт келбетпен ғана емес, жан дүниенің бай болуымен, ұлтжандылықпен өлшенеді деп есептеймін», - деді қатысушы.

Байқау нәтижесі бойынша бас жүлде Сервис және туризм колледжінің студенті Наргиз Маликоваға бұйырды. Оған белгілі зергер Берік Әлібайдың қолынан шыққан ұлттық туынды, бағалы бұйым – күміс шашбау табысталды. Ал 1-орынды Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің студенті Әдемі-ай Ислам иеленіп, оған зергердің туындысы – тұмарша берілді. 2-орынды С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің студенті Аружан Әбілмансұрова алып, оған күміс жиынтық сыйға тартылды. 3-орынды Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері Әсия Абдоллаева мен Айша Жанділдаева өзара бөлісіп, олар күміс сырға иеленді.

Өзге арулар бірқатар номинациялар бойынша ерекшеленіп, олар құстұмсық жүзік пен қазақы нақыштағы «Қазақша сөйлейік» топтамасының экодорбаларымен марапатталды.

Индира БЕРЖАНОВА