Елордалық студенттерге Конституцияның қоғам өміріндегі маңызы түсіндірілді
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасымен бірлескен Қазақстан Республикасының Конституциясын ілгерілетуге арналған семинар ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Іс-шараның мақсаты – жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, Конституцияның қоғам өміріндегі маңызын түсіндіру және азаматтық жауапкершілікті арттыру.
Семинар барысында Конституцияның негізгі қағидаттары, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ елдегі құқықтық реформалардың негізгі бағыттары талқыланды. Қатысушылар спикерлердің баяндамаларын тыңдап, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.

«2026 жылғы Конституция Қазақстан мемлекеттілігінің негізгі қағидаттарын, атап айтқанда, унитарлық құрылымды, президенттік басқару нысанын, мемлекеттің зайырлы, құқықтық және әлеуметтік сипатын сақтап қалады. Сонымен қатар, ол заң шығару билігіне түбегейлі өзгерістер енгізеді: екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай құрылады. Жаңа Конституция Вице-президент институтын енгізіп, президенттік биліктің сабақтастығы тәртібін өзгертеді, сондай-ақ адамның құқықтары мен бостандықтарының жүйесін жаңғыртып, цифрлық құқықтар мен дербес деректерді қорғауды конституциялық деңгейде бекітеді. Бұдан бөлек, халықаралық ұйымдардың шешімдерінің орындалуын бағалауда Конституциялық Соттың рөлін күшейту арқылы конституционализмнің егемендікке негізделген моделін нығайтады.
Осылайша, 2026 жылғы Конституция заң шығару билігін қайта ұйымдастыратын, жаңа мемлекеттік институттарды енгізетін, конституциялық егемендікті күшейтетін және цифрлық дәуір жағдайында адам құқықтарының аясын кеңейтетін жаңа кезеңнің Конституциясы болып табылады», - деді тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Айнұр Ғабдулина.
Бұдан басқа философия ғылымдарының кандидаты Х.Абдильдина «Жаңа Конституция - Әділетті Қазақстанның берік негізі», саясаттану ғылымдарының кандидаты Г.Мұхамбетқалиева «Қазақстан Республикасының Конституциясы: Агроөнеркәсіптік кешеннің құқықтық негізі» және тарих ғылымдарының магистрі С.Нұрдыбекұлы «Қазақстан Республикасының Ата Заңы жобасының негізгі жаңалықтары» тақырыбында баяндама жасады.
Іс-шара студенттер мен оқытушылар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды.
Айта кетейік, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған осындай маңызды іс-шараларды алдағы уақытта да жалғастыра береді.
