Header Banner

Суретші Әсел Сабыржанқызы елорда әуежайында ерекше өнер туындысын жасады

Суретші Әсел Сабыржанқызы елорда әуежайында ерекше өнер туындысын жасады
Фото: Астана халықаралық әуежайы

Астана халықаралық әуежайында Assolyaa шығармашылық лақап атымен танымал қазақстандық суретші Әсел Сабыржанқызының ерекше арт-перформансы өтті. Суретші кілем бетіне ерекше туынды салып, жолаушылар мен әуежай қонақтарына өзінің бірегей өнерін паш етті. Шығармашылық қойылымның басты ерекшелігі – көрермендердің картинаның жасалу барысын тікелей тамашалау мүмкіндігіне ие болуы, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Бүгін жолаушылар мен әуежай қонақтарының көз алдында дәстүрлі кілем ұлттық рәміздер, тарих пен авиация тақырыбы тоғысқан көркем туындыға айналды.  

Композицияның ортасында еркіндікті, күш-қуатты және биікке ұмтылысты бейнелейтін көкте қалықтаған қыран құс бейнеленген. Оның төменгі жағында елорда әуежайын символдық тұрғыда білдіретін қазақтың киіз үйі орналасқан. Киіз үйден тараған жарық әуе кемелеріне үйге қайтар жолды көрсететін шамшырақты елестетеді.

Суретшінің шығармашылық идеясына сәйкес, композиция түркілік нақышта орындалып, дәстүрлі бейнелер мен заманауи авиация тақырыбын біріктіреді. Бұл туындыда киіз үй қонақжайлылықтың нышанына айналса, әуежай түрлі халықтар, мәдениеттер мен елдер тоғысатын мекен ретінде көрініс табады.

«Астана халықаралық әуежайы жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен келетін миллиондаған адамның басын қосады. Бүгін біз әуежайдың тек көлік инфрақұрылымы нысаны ғана емес, өнер мен мәдениетке, ұлттық дәстүрлерді танытуға арналған кеңістік бола алатынын көрсеткіміз келеді. Әсел Сабыржанқызының туындысы тарихи мұрамыз бен жаңа биіктерге деген ұмтылысымызды үйлесімді түрде бейнелейді», - деп атап өтті «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ аппарат басшысы Әділбек Әбдіхалықов.

Суретші жасаған кілемдегі картина белгілі бір уақыт бойы Астана халықаралық әуежайында көпшілік назарына ұсынылады. Жолаушылар мен әуежай қонақтары бірегей туындыны өз көздерімен көріп, оның әрбір бөлшегін тамашалап, естелік суретке түсе алады. Кейіннен өнер туындысы Әсел Сабыржанқызының жеке коллекциясына беріледі.

Анықтама үшін: Әсел Сабыржанқызы дәстүрлі қазақ және шығыс кілемдерінің бетіне көркем портреттер салуға негізделген авторлық KilemArt техникасы арқылы кеңінен танылды.

Оның туындыларында әлемге әйгілі Дженнифер Лопес, Джеки Чан, Николь Шерзингер, Энрике Иглесиас, сондай-ақ танымал спортшылар Елена Рыбакина мен Михаил Шайдоровтың бейнелері көрініс тапқан.

2026 жылы суретші әлемнің 50 көрнекті контент жасаушысын біріктірген TikTok The Discover List 2026 жаһандық тізіміне енді. Әсел Innovators («Жаңашылдар») санатында атап өтілді.

Арт-перформанс заманауи өнердің ұлттық дәстүрлерді жаңа қырынан танытып, оларды қалың көпшілікке жақын әрі түсінікті ете алатынының жарқын үлгісіне айналды.

Әуежайда дүниеге келген бұл картинаның авиациядағы ең басты құндылықтарды – жаңа көкжиектерге ұмтылуды және әрдайым оралғың келетін туған мекенді бейнелеуі ерекше мәнге ие.

Айта кетейік, 15-27 қараша аралығында Астанада Әсел Сабыржанқызының «АРҚАУ / THREADS» атты жеке көрмесі өтеді. Көрмеде суретші KilemArt авторлық техникасымен кілем бетіне салынған жаңа туындылар топтамасын ұсынады. Көрмені барлық ниет білдірушілер тамашалай алады. Кіру тегін.