Астана 2027 жылы мәнерлеп сырғанаудан Төрт құрлық чемпионатын қабылдайды

Астана 2027 жылы мәнерлеп сырғанаудан Төрт құрлық чемпионатын қабылдайды
Фото: Ұлттық олимпиада комитеті

Халықаралық конькишілер одағының (ISU) шешімімен Астана 2027 жылы мәнерлеп сырғанаудан Төрт құрлық чемпионатын өткізетін қала ретінде ресми түрде таңдалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әлемдік деңгейдегі беделді жарыс 2027 жылдың 9-14 ақпаны аралығында өтеді. Турнирге Азия, Америка, Африка және Мұхит аймағының үздік мәнерлеп сырғанаушылары қатысады деп жоспарланып отыр.

ISU мәліметінше, Қазақстанның аталған турнирді қабылдау құқығына ие болуы елдегі мәнерлеп сырғанаудың қарқынды дамуы мен спорт түріне деген қызығушылықтың артуымен байланысты. Бұған 2026 жылы Милан мен Кортина-д’Ампеццода өткен қысқы Олимпиада ойындарында қазақстандық спортшы Михаил Шайдоров ерлер арасындағы жекелей сында тарихи алтын медаль жеңіп алуы да ықпал еткен.

Олимпиада чемпионының жетістігі елдегі мәнерлеп сырғанау спортының танымалдылығын жаңа деңгейге көтеріп, жас спортшылар мен жанкүйерлер үшін үлкен серпін бергені атап өтілді.

Төрт құрлық чемпионаты Қазақстан тарихындағы мәнерлеп сырғанаудан өтетін ең ірі халықаралық жарыс болмақ. Бұған дейін еліміз 2011 жылғы қысқы Азия ойындары мен 2017 жылғы қысқы Универсиаданы жоғары деңгейде ұйымдастырып, аталған додалардың бағдарламасына мәнерлеп сырғанаудан жарыстар енгізілген болатын.

ISU президенті Ким Джэ Ёль Қазақстанның турнирді өткізу құқығына ие болуын маңызды оқиға деп бағалады.

«Біз Қазақстанда алғаш рет мәнерлеп сырғанаудан Төрт құрлық чемпионаты өтетініне қуаныштымыз. Бұл Орталық Азия жанкүйерлері үшін әлемдік деңгейдегі спортшылардың өнерін тамашалауға тамаша мүмкіндік. Қазақстанда мәнерлеп сырғанауға деген қызығушылық айтарлықтай артты. Астана жарысқа қатысушылар мен жанкүйерлер үшін қолайлы алаң болады деп сенеміз», – деді ол.

Халықаралық федерация өкілдері Қазақстанның қонақжайлығы мен ірі спорттық іс-шараларды ұйымдастырудағы тәжірибесі алдағы чемпионаттың жоғары деңгейде өтуіне негіз болатынын атап өтті.