Жұлдыз Сүлейменова республикалық оқыту семинарының ашылуына қатысты

Бүгін, 10:37
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Жұлдыз Сүлейменова республикалық оқыту семинарының ашылуына қатысты
фото: Оқу-ағарту министрлігі

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Астана қаласындағы №100 «Келешек мектебінде» өткен республикалық оқыту семинарының ашылуына қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап. 

Семинар «Халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары негізіндегі «Таза Қазақстан», «Заң және тәртіп» және «Адал азамат» бағдарламаларын ілгерілету» тақырыбына арналды.

Іс-шараға еліміздің барлық өңірлерінен 200-ден астам «Келешек мектептері» директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, мемлекеттік органдардың өкілдері, білім беру ұйымдарының басшылары мен сарапшылар қатысты.



Семинар барысында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын іске асыру, Конституциялық құндылықтарды тәрбие жұмысына кіріктіру, құқықтық және экологиялық мәдениетті дамыту, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ қатысушылар буллингтің алдын алу, ата-аналармен өзара іс-қимылды нығайту және жасанды интеллект мүмкіндіктерін білім беру үдерісінде пайдалану бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті.

Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар өңірлерде тәрбие жұмысын жетілдіруге бағытталған практикалық ұсынымдар әзірледі.

Еске салайық, бұған дейін оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектеп оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерді шығаратын ірі отандық баспалардың басшыларымен жұмыс кездесуін өткізген болатын.