Әлем чемпионаттарындағы жетістік жаңарды: Месси – 17! Месси – 18!

Әлем чемпионаттарындағы жетістік жаңарды: Месси – 17! Месси – 18!
Фото: instagram/leomessi

Бұл футболдағы ғұламалық пен оған бас иіп қалған жанкүйерлікті қойсаңшы! Ел құсап ертелі-кеш болған футболды іш кепкенше көріп, кепкен кәртөшке тістеп, сыраны сіміріп жатайын десең де болмайды: футболдағы ҒҰЛАМАЛЫҚ орныңнан тұрғызады, қолға қалам алғызады, талмаурап отырып, ойынды талдатады: дем де алмайсың, ұйқың да қанбайды, таусылып сөйлейсің, тынысың тарылғанша таңғалып ойлайсың...

Бүгін де қолға ертерек қалам алғызған – сол баяғы Лионель МЕССИ! Еуропадағы ерін бауырына алып тулайтын команда саналатын Аустрия құрамасымен ойында тағы сол Месси осыдан 12 жыл бұрын Германия сапында ойнаған польшалық футболшы Мирослав Клозенің әлемдік рекордын жаңартты да, артынан келмеске жіберді!

...Мирослав Клозе өзінің әлем чемпионаттарындағы 16-шы добын 2014 жылы Бразилияда өткен әлем чемпионатында Бразилия құрамасының қақпасына соқты. Бүкіл Бразилияны ғана емес, мен секілді Бразилия футболына ғашық жандарды зар жылатқан бұл ойынды өз басым сол стадионда көріп отырдым. Клозенің кереметтігі – ол бұл 16 допты төрт әлем чемпионатына (2002, 2006, 2010, 2014) қатысып-ақ (5-5-4-2) соққан. Оның бұл әлемдік жетістігін жаңартқан Лео Месси осымен алтыншы әлем чемпионатына келіп отыр. Және де бұл чемпионат Месси үшін жаңа басталды. Оның командасы соңғы турға қарамай-ақ келесі кезеңге шығып алды. Егер команданың бас бапкері ештеңе шешпейтін соңғы ойынға жастарды шығарамын деп шешпесе, Месси бұл көрсеткішті көз ұшына жеткізіп тастауы да мүмкін. Өйткені Аргентина құрама командасы толық құраммен 90 минут ойнаса да, голдарды МЕССИ ғана СОҒАДЫ!

АЛТЫ бірдей әлем чемпионатына қатысу, қатысып қана қоймай, команданың негізгі ойыншысы болу – екінің біріне бұйыратын бақыт емес! Тіпті бұл бақытқа да жатпайды – нағыз ЖАНКЕШТІЛІК! Ондай тағы бір футболшы бар, ол – Португалия сабазы Криштиану РОНАЛДУ! Криштиану да биыл өзінің 6-шы әлем чемпионатына келді. Әлем чемпионаттарында 8 ғана доп соқты дегенмен, ол өз деңгейіне кім көрінгенді жақындатпайтын жампоз. Роналдудың бұл чемпионаттағы әні әлі айтылған жоқ. Ол әннің айтылатынына да мен күмән келтірмеймін. Карбахаль, Маттеус, Маркес, Гуардадо сынды ойыншылар бес бірдей әлем чемпионатына қатысқан. Ал бүгінде Мексика құрама командасының сапында чемпионатқа ресми тіркеліп келген қақпашы Гильермо Очоа да осымен алты әлем чемпионатына қатысып отыр. Бірақ оның екі бірдей әлем чемпионатында алаңға бірде-бір рет шықпағанына байланысты, оны 6 чемпионатқа қатысты деп жарияламайды. Бұл жөн емес! Мықты болсаң, 20-24 жыл көлемінде өтетін әлем чемпионаттарына лайықты болып келіп көр!

...Ендігі әңгіменің көкесі – МЕССИДІ кімдердің қуып келе жатқандығы. Францияның мергені МБАППЕ осы чемпионаттағы екі ойында төрт доп соғып тастады. Оның есебінде бүгін-ақ соғылған 16 доп бар! Болашақ доп соғу көрсеткіші – қай команданың бұл жарыста алысқа баратындығына байланысты. Бірақ түбінде МЕССИДІ басып озуға МБАППЕНІҢ мүмкіндігі мол. Өйткені ол МЕССИДЕН 12 жастай кіші. Яғни, құрығанда келесі әлем чемпионатына қатысуы мүмкін. Әрине, МЕССИ де келуі мүмкін өзінің 7-ші (!) әлем чемпионатына. Рас, әлем чемпионаттарында 43-45 жасқа дейін ойнаған ойыншылар бар. Олар – негізінен қақпашылар. Бір әңгімесінде МЕССИ осы чемпионаттан соң құрамадағы орнын босататындығын мәлімдеген. Кім біледі, Леоның алтыннан жонған сол аяғы аман болса, елі сұрамас дейсің бе? «Халқы сұраса, хан түйесін сояды» дегендей, МЕССИ ол чемпионатта да төбе көрсетіп жатса, таңғалмаймыз. Ең бастысы, әлемнің 6 чемпионатына келіп, командасының басты жүгін арқалап жүрген алтын аяқты жігіт аман болсын да дейік!!!

Несіп Жүнісбаев