Елімізде судың «қара нарығына» қарсы күрес күшейтілді
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов қоғамдық қабылдау өткізіп, азаматтарды толғандырған сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Қабылдауда Түркістан облысы тұрғындарының өңірдегі су ресурстарын заңсыз пайдалану және су шаруашылығы нысандарының аумағында заңсыз құрылыс жүргізу мәселелеріне қатысты өтініштері қаралды. Нәтижесінде министр «Қазсушар» РМК-ның жергілікті филиалы мен Арал-Сырдария бассейндік су инспекциясына нақты тапсырмалар берді.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі Бас прокуратурамен бірлесіп судың «қара нарығын» жою жөніндегі Жол картасын қабылдаған болатын. Құжатта су ресурстарына аудит жүргізу, заңсыз су алудың тәуекел аймақтарының карталарын әзірлеу, су шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға бөлінген қаржы қаражатына тексеру жүргізу, су үнемдеу технологияларын енгізу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларды жүзеге асыру көзделген.
Сонымен қатар қазақстандықтар өңірлердегі су саласындағы заңсыз әрекеттер туралы министрлікке жасырын түрде хабарлай алады. Осы мақсатта Telegram мессенджерінде «Судың қара нарығына жол жоқ!» чат-боты іске қосылған. Бұл шара суару маусымында судың әділ бөлінуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ «Қазсушар» РМК мен оның филиалдарының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық және өзге де құқық бұзушылықтарды анықтауға әрі олардың алдын алуға бағытталған.
Еске салайық, бұған дейін «Қазсушар» 32 нысанда шағын ГЭС салуды жоспарлап отырғаны туралы жаздық.