Әлеуметтік осал топтардың құқықтарын қорғау мақсатында жыл басынан бері 485 тексеру жүргізілді
2026 жылдың басынан бері әлеуметтік инспекторлар мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласында 485 тексеру жүргізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Оның ішінде 212-сі жоспардан тыс, 167-сі профилактикалық бақылау аясында, ал 106-сы прокуратура органдарының талабы бойынша өткізілді. Тексеру нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы 303 нұсқама беріліп, жалпы сомасы 38,9 млн теңгеден асатын 185 айыппұл салынды.
Мемлекеттік бақылаумен 56 мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар, 23 денсаулық сақтау нысандары, 94 білім беру ұйымдары, 238 әлеуметтік қорғау ұйымдары, 12 мәдениет, 1 спорт нысаны, 3 көлік инфрақұрылымы нысандары, 5 қоғамдық тамақтану орындары, 29 сауда және 24 өзге де нысандар қамтылды.
Осылайша, ҚР ЕХӘҚМ Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті білім беру нысандарының халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін қолжетімділігіне жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдар беріліп, уәкілетті тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Алматыда мүгедектігі бар адамдар үшін қалалық ортаның қолжетімділігі мәселесі күн өткен сайын өзектене түсуде және бұл бағыттағы оң өзгерістер іс жүзінде де байқалып келеді. Мемлекеттік мекемелерге, сауда және қызмет көрсету нысандарына барған кезде арнайы жабдықталған кіреберістерді, пандустарды, лифтілер мен тактильді бағыттаушы жолақтарды жиі көруге болады. Ең бастысы, нысан иелері қолжетімді орта қалыптастыруды заң талабы ретінде ғана емес, сапалы қызмет көрсетудің маңызды бөлігі ретінде қабылдай бастады. Мұндай өзгерістер мүгедектігі бар азаматтардың өздерін анағұрлым дербес сезінуіне және қалалық инфрақұрылымды еркін пайдалануға мүмкіндік береді», – деді III топтағы мүгедектігі бар алматылық тұрғын Әлия Жұмағалиева.
Еске салайық, бұған дейін мүгедектігі бар адамдар үшін нысандардың қолжетімділігін бақылаудың жаңа тетігі енгізіліп жатқаны туралы жаздық.