Мүгедектігі бар адамдар үшін нысандардың қолжетімділігін бақылаудың жаңа тетігі енгізіліп жатыр

Бүгін, 15:34
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Мүгедектігі бар адамдар үшін нысандардың қолжетімділігін бақылаудың жаңа тетігі енгізіліп жатыр
Фото: freepik.com

Қазақстанда мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарының қолжетімділігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Азаматтарды ақпараттандыру құралдарының бірі – еліміз бойынша 42 897 нысан туралы мәліметтерді қамтитын «Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау» ақпараттық порталының Интерактивті қолжетімділік картасы, деп хабарлайды Elordainfo.kz  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап. 

Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау» ақпараттық порталы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан әлеуметтік қорғау саласындағы ашықтықты арттыру және мүгедектігі бар адамдарға нысандардың қолжетімділігі туралы ақпарат алудың ыңғайлы тетігін қалыптастыру мақсатында әзірленді.

Интерактивті карта пайдаланушыларға мүгедектіктің әртүрлі санаттарын ескере отырып, қолжетімділік деңгейі туралы ақпаратпен танысуға және қажетті мекемелер мен ұйымдарға баруды алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.

Нысандар туралы мәліметтерді жергілікті атқарушы органдар алты критерий бойынша енгізіп, тұрақты түрде жаңартып отырады: кіреберіс тобының қолжетімділігі, қозғалыс жолдары, қызмет көрсету аймағы, санитарлық-тұрмыстық үй-жайлар, ақпарат және телекоммуникация құралдары, сондай-ақ іргелес аумақтың қолжетімділігі. Бағалау нәтижесі бойынша әрбір нысанға «қолжетімді», «ішінара қолжетімді», «қолжетімсіз» немесе «мәлімет жоқ» мәртебелерінің бірі беріледі.

Тіркелген пайдаланушылар үшін нысандардың бейімделу сапасын бағалау, пікір қалдыру және фотосуреттер жүктеу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл қоғамдық бақылауды дамытуға және кедергісіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың сапасын арттыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар Порталдағы «Нысандарды іздеу» бөлімінде «Санаторийлер» атты жеке санат жұмыс істейді. Қазіргі уақытта Картада 168 санаторийлік-курорттық ұйым туралы ақпарат орналастырылған, олардың 114-і немесе 67%-ы Әлеуметтік қызметтер порталының жеткізушілері болып табылады. Пайдаланушылар өңірі, ауданы, атауы немесе мекенжайы бойынша іздеу жүргізіп, көру, есту, тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар мен кресло-арбамен қозғалатын азаматтар үшін нысандардың қолжетімділігі туралы мәлімет ала алады.

Нысан теңгерімін ұстаушылар үшін Порталда онлайн-өзін-өзі бағалау сауалнамасы іске қосылған. Ол нысанның қолжетімділік деңгейін өз бетінше бағалауға мүмкіндік береді. Сауалнама нәтижесінде анықталған сәйкессіздіктерді жою және нысанды белгіленген талаптарға сәйкестендіру бойынша ұсынымдар қалыптастырылады.

Нысандарды бейімдеу жұмыстары қолжетімді орта қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік саясат аясында жүзеге асырылуда. Интерактивті қолжетімділік картасына енгізілген 42 897 нысанның ішінде 2026 жылдың соңына дейін 34 318 нысанның қолжетімділігін қамтамасыз ету жоспарланған. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, 2026 жылғы 15 маусымдағы жағдай бойынша 30 571 нысан толық бейімделген, бұл жоспарланған көрсеткіштің 71%-ын құрайды.