Айнұр Акупова: Қарапайым тұрғын мемлекеттік қызметшінің еңбегін өз өміріндегі нақты нәтижелер арқылы сезінеді

Айнұр Акупова: Қарапайым тұрғын мемлекеттік қызметшінің еңбегін өз өміріндегі нақты нәтижелер арқылы сезінеді
Фото: Айнұр Акупованың жеке мұрағатынан

Бүгінгі таңда миллионнан астам тұрғыны бар Астана қаласының инфрақұрылымы мен әлеуметтік-экономикалық жүйесін тиімді басқару — уақыт талабы. Осы орайда, елордалық мемлекеттік аппараттың рөлі, заманауи қызметшілерге қойылатын жаңа талаптар және халықпен кері байланыс орнату мәселелері туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті Мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы Айнұр Акупова өз сарапшылық пікірін бөлісті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Қазіргі таңда бас қаланың өсу қарқыны мемлекеттік қызметшілерден тек құжатпен шектелмей, кең ауқымда ойлауды талап етеді. Сарапшы бұл бағыттағы негізгі трендтерді былай деп сипаттайды:

«Бүгінгі елорда – тек әкімшілік орталық емес, халық саны, құрылыс қарқыны, көлік жүктемесі, әлеуметтік сұраныс, тұрғын үй, білім, денсаулық сақтау, инфрақұрылым және қауіпсіздік мәселелері қатар жүретін күрделі қалалық жүйе. Сондықтан қазіргі мемлекеттік қызметші тек құжат орындаушы емес, жағдайды жылдам талдай алатын, дағдарыс кезінде дұрыс шешім қабылдайтын, азаматтармен ашық сөйлесе білетін, цифрлық құралдарды меңгерген және нақты нәтижеге жауап бере алатын кәсіби маман болуы тиіс. Әсіресе жедел шешім қабылдау, деректермен жұмыс істеу, жобалық басқару, коммуникация, заңнаманы дұрыс қолдану және халықтың өтінішіне формалды емес, мазмұнды жауап беру дағдылары маңызды».

Халық санының серпінді өсуі мемлекеттік аппаратқа түсетін салмақты арттырғанымен, мәселені шешудің жолы басқа бағытта жатыр:

«Бүгінгі таңда Қазақстан бойынша 84 мыңнан астам мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Ал Астана қаласы бойынша мемлекеттік қызметшілердің саны 3884-ті құрайды. Соңғы жылдары Астана халқы санының өсуіне орай, қалаға түсетін әкімшілік және әлеуметтік жүктемелер де артты. Алайда мемлекеттік қызметшілер саны халық өсіміне сай пропорционалды түрде көбейіп отырған жоқ. Бұл мемлекеттік аппараттың жұмысын санмен емес, сапамен, цифрландырумен, процестерді оңтайландырумен және қызметкерлердің кәсіби құзыретін күшейту арқылы ұйымдастыру қажеттігін көрсетеді».

Мемлекеттік қызметшінің әрбір әрекеті немесе шешімі қоғамның билікке деген көзқарасын қалыптастыратын негізгі фактор екені сөзсіз:

«Себебі заңдар, мемлекеттік бағдарламалар, әлеуметтік қолдау шаралары, инфрақұрылымдық жобалар, бюджеттік шешімдер және азаматтардың күнделікті мәселелері мемлекеттік аппарат арқылы іске асады. Егер мемлекеттік қызметші заңды дұрыс қолданса, шешімді әділ қабылдаса, азаматтың өтінішіне уақытылы әрі сапалы жауап берсе, халықтың мемлекетке деген сенімі артады. Ал сенім бар жерде қоғамда тұрақтылық, тәртіп және даму болады. Керісінше, салғырттық, бюрократия немесе жауапсыздық азаматтардың наразылығын туғызып, мемлекеттік органдардың беделіне нұқсан келтіреді», — дейді сарапшы.

Сырт көзге байқала бермейтін ішкі жұмыс процестері мен заңнамалық актілерді дайындау үлкен жауапкершілік пен ұқыптылықты қажет етеді. Айнұр Мұратқызы бұл процестің қыр-сырын былай түсіндіреді:

«Қатардағы мемлекеттік қызметшінің күнделікті жұмысы сырт көзге көріне бермегенімен, оның жауапкершілігі жоғары. Таңертеңнен бастап ол кіріс құжаттарын, азаматтардан түскен өтініштерді, басшылық тапсырмаларын, нормативтік құқықтық актілерді, жобаларды, талдамалық материалдарды қарайды. Халықтан түскен арыз-шағымдар бойынша тиісті басқармалардан ақпарат сұратады, заңнамаға сәйкес жауап дайындайды, мәселенің нақты шешілу жолын ұсынады. Азаматтарды қабылдап, шағымдарын қарастырады. Қалалық жобалар бойынша келісу, бюджеттік өтінімдерді қарау, қаулы немесе шешім жобаларын әзірлеу, құқықтық сараптамаға жолдау, мүдделі органдармен келісу сияқты жұмыстар да осы қызметкерлердің қатысуымен жүреді. Әр құжаттың артында нақты мерзім, заңдық жауапкершілік және азаматтың мәселесі тұрады.


 

Заңнамалық актілер мен жобаларды дайындау процесі бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен мәселе зерделенеді, қолданыстағы заңнама талданады, тиісті мемлекеттік органдардың ұстанымы сұралады, қаржылық және құқықтық салдары қаралады. Кейін жоба әзірленіп, келісу рәсімдерінен өтеді, ескертулер пысықталады, қажет болған жағдайда қоғамдық талқылауға шығарылады. Бұл процесте мемлекеттік қызметшінің ұқыптылығы, заңдық сауаттылығы және жауапкершілігі аса маңызды, өйткені бір қате шешім тұтас салаға немесе азаматтарға кері әсер етуі мүмкін».

Қорытындылай келе, сарапшы мемлекеттік аппарат жұмысының басты тиімділік көрсеткіші қағаз емес, тұрғындардың өмір сапасының жақсаруы екенін атап өтті:

«Қарапайым тұрғын мемлекеттік қызметшінің еңбегін өз өміріндегі нақты нәтижелер арқылы сезінеді. Мысалы, балабақшаға немесе мектепке орын алу, тұрғын үй кезегі, әлеуметтік көмек, жол жөндеу, қоғамдық көлік бағыты, аула абаттандыру, медициналық немесе білім беру нысандарының ашылуы, құжат алу, өтінішке жауап алу – мұның бәрі мемлекеттік аппарат жұмысының нәтижесі. Қала дамуының жоспары қағаз жүзінде ғана қалмай, нақты көшеге, мектепке, емханаға, жолға, жарыққа, қауіпсіз ортаға айналған кезде, тұрғын мемлекеттік қызметтің маңызын сезінеді.


Сондықтан қазіргі Астана жағдайында мемлекеттік қызметшінің рөлі бұрынғыдан да күшейді. Миллионнан астам тұрғыны бар мегаполисті тиімді басқару үшін кәсіби, жауапты, ашық, жылдам әрі адамға бағдарланған мемлекеттік аппарат қажет. Мемлекеттік қызметтің басты өлшемі – қабылданған құжаттың саны емес, азаматтың мәселесінің шешілуі, халық сенімінің артуы және қаланың сапалы дамуына қосылған нақты үлес».

Авторы: Әдемі Сайрамбаева