Астанада қоғамдық орындарды ластағандар бейнебақылау жүйесі арқылы анықталады
«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы мен «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын іске асыру аясында Нұра ауданының прокуратурасы қоғамдық орындарды ластаудың алдын алуға және халықтың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған профилактикалық іс-шараларды тұрақты негізде жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының прокуратурасына сілтеме жасап.
Құқық бұзушылықты анықтау тәулік бойы жұмыс істейтін Жедел басқару орталығының бейнебақылау жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Заманауи техникалық мүмкіндікті пайдалану құқық бұзушыларды уақтылы анықтауға және жасалған құқық бұзушылықтар үшін жауаптылықтың бұлтартпастығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Прокуратура қоғамдық орындарды ластағаны және абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында әкімшілік жауаптылық көзделгенін еске салады.
Тазалықты сақтау, қоршаған ортаға ұқыпты қарау және қоғамдық тәртіпті құрметтеу – әрбір азаматтың міндеті.