Елордада нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-шаралар талқыланды

Бүгін, 12:33
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views61
Елордада нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-шаралар талқыланды
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірхановтың төрағалығымен нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтіп, онда «Астана – есірткісіз қала» жоспарының іске асырылуы талқыланды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Талқылау «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қауіпсіздік кеңесінің отырысында берген тапсырмалары аясында өтті.

Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемованың айтуынша, бүгінде қалада диспансерлік есепте 891 адам тұр, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 8%-ға аз. Оның сөзінше, бұл жүргізіліп жатқан емдеу және профилактикалық жұмыстың нәтижелі екенін көрсетеді.

Биыл алғаш рет 34 адам есепке алынған, олардың 19-ы – синтетикалық есірткі тұтынушылары. Бұл көрсеткіш соңғы екі жылдағыдан төмен. Алайда басқарма басшысы атап өткендей, есепке алғаш рет алынғандардың азаюы көбіне медициналық көмекке жүгіну деңгейінің төмендігімен байланысты. Көптеген пациент анонимді көмек алу үшін жекеменшік клиникаларға жүгінуді жөн көреді, алайда қолданыстағы заңнама жеке ұйымдардан ақпарат беруді қарастырмайды.

Астана әкімінің орынбасары Ерік Мейірханов профилактикалық жұмысты күшейтудің маңыздылығын ерекше атап өтті.

«Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күресте ақпараттық-профилактикалық жұмыс шешуші рөл атқарады. Ол жүйелі, кешенді әрі үздіксіз жүргізілуі тиіс. Бір реттік іс-шаралар тиісті әсер бермейді және ұзақ мерзімді нәтиже қамтамасыз ете алмайды», - деді ол.

Мемлекеттік органдармен бірлесіп, елордада нашақорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл бойынша 400-ден астам іс-шара өткізілген. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда көп және халықтың барлық жас тобын қамтиды.

Отырыс қорытындысы бойынша мемлекеттік органдардың басшыларына 2026-2028 жылдарға арналған жаңа жоспар жобасын әзірлеуге кірісу тапсырылды. Жаңа құжатта жастарды есірткіден қорғаудың нақты әрі шынайы шаралары қарастырылатын болады.