00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елорда тыныштығын күзеткен сарбаздардың күнделікті өмірі қандай

4 желтоқсан, 2024
Сабина Кәкімжан Сабина Кәкімжан
Елорда тыныштығын күзеткен сарбаздардың күнделікті өмірі қандай
Фото: Elordainfo.kz/Сабина Кәкімжан

Астанада тәулік бойы әр азаматтың амандығы мен қоғамның тыныштығын күзететін әскери қызметшілердің жұмысы үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Біз көпшіліктің қауіпсіздігі үшін еңбек еткен, кейді өмірді де қатерге тіккен ұландықтардың өмірімен танысу үшін елордадағы 5573 әскери бөлімінің базасында болып қайттық. Мұнда сарбаздардың өмірімен, тыныс-тіршілігімен танысып, казармасы мен асханасын өз көзімізбен көріп, сарбаз мәзірінен дәм таттық.

Бұл әскери қалашық Астанадағы Үркер тұрғын алабында орналасқан. Аумағы 21 гектарды алып жатқан қалашықта казармалар, бос уақытын өткізетін орын, асхана, спорттық кешен, лазарет бар. 

«Біз қазір 10-ротаның казармасында тұрмыз. Бұл – 100-ге жуық солдаттың жататын орны. Мына ілулі тұрған - қаладағы қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтауға әрі күзетуге шығатын солдаттардың арнайы киімі. Әр әскери қызметшінің жеке дабыл сөмкесі болады. Оның ішінде шұғыл жағдайлар болған уақытта қажет заттар салынған. Олар нақты қандай зат екендігі - құпия. Казармаларда бейнебақылау камералары орнатылған. Сарбаздардың күнделікті іс-шарасының атқарылу барысын командирлер мен бөлім кезекшілері бейнебақылау камераларынан қарап отырады», - деді 5573 әскери бөлімінің командирі, генерал-майор Аян Есжанов. 

Сондай-ақ мұнда тәртіп бойынша ақпараттандыруға, спорттық сабақтарға арналған жеке кабинеттер бар. Аян Әбдуғаниұлының айтуынша, әр рота бекітілген жоспарға сәйкес күнделікті қызметін атқарады.

Елорда көшелерінде тәулік бойы тәртіпті қадағалайтын жас сарбаздарды күн сайын кезіктіретініміз рас. Олар дәл осы жерде жауынгерлік даярлықтан өтеді.  Кәсіби біліктілікпен қоса, олардың бойында төзімділік, шапшаңдық, сабырлылық, мол қажыр-қайрат, ерлік болуы тиіс.

«Өздеріңізге мәлім, қалада  патрульдер тәулік бойы жұмыс істейді. Олар кез келген жағдайға дайын болуы қажет. Сондықтан сарбаздар мұнда келген соң, 30 күн нұсқаулық сабақтан өтеді. Атап айтсақ, олар ҚР заңдарын, нормативтерін  оқиды және жауынгерлік қызметке дайындалады. Сондай-ақ мұнда қоян-қолтық жаттығу шайқастары өтеді. Сарбаздар республиканың түкпір-түкпірінен жиналған. Олар қаланы білмегендіктен, мұнда Астана көшелерінің макеттері қойылған. Осылайша олар шаһардағы көшелермен танысып, емін-еркін жүруді үйренеді», - деді подполковник Амангелді Омаров.

Сондай-ақ мұнда жедел бригаданың материалдық-техникалық базасымен де таныстық. Оның «Урал-ВВ», «УРАЛ-59095 «СПАРТАК» секілді және т.б. броньды автомобилдері бар. Мәселен, 2012 жылы құрастырылған БТР-80 техникасы шабуылдауға, шайқас болып жатқан орынға оқ-дәрілер жеткізуге, сондай-ақ жеке құрамды оқ пен жарылғыш заттардан қорғауға арналған. Сонымен қоса, өзінің жеке пулеметтері бар. Оның ішінде экипаж 3 адам болады. Олар – механик-жүргізуші, экипаж командирі, пулеметші.

Қиын да қауіпті қызметте жүрген әскерилердің сенімді серігіне айналған иісшіл иттер туралы кинология қызметінің басшысы Нұрсұлтан Сариев айтып берді.

«Мемлекеттік күзет қымзетімен, Астана қаласы Полиция департаментімен бірлесіп, қызметтік иттердің көмегімен есірткі сататын әрі таратын адамдарды ұстаймыз, жарылғыш заттарды анықтаймыз. Мәселен, 2 апта бұрын елорда маңынан 18 келі есірткі заттарын тәркіледі. Көбінесе неміс иттерін қолданамыз. Қызметке 6 айдан асқан иттерді алады. Бүгінгі таңда 28 ит бар. Олар күн сайын кинологтармен бірге дайындық жүргізіп, өз қабілеттерін шыңдап отырады. Иттерге 8 жыл 3 ай қызмет етуге уақыт берілген. Кейін оларды  әскери бөлімде болған иесі алып кетеді. Оларға күнделікті дәрумендер, 2 мезгіл тамақ беріледі», - деді Нұрсұлтан Сариев.

Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздардың қалай тамақтанатыны көпшілікке қызық екені рас. Сондықтан кинология бөлімінен кейін асхана жаққа жол тарттық.

«Сарбаздар бірінші қабаттағы электронды таблодан ас мәзірі туралы біле алады. Олар күн сайын 3 мезгіл тамақтанады. Күнделікті тамақтану нормасында ағзаға қажетті ақуыздар, майлар, көмірсулардың нақты мөлшерін қамтиды. Асханада бір мезетте 400 адам тамақтанады», - деді азық-түлік қызметінің бастығы, майор Баубек Есетов.

Иә, жақсы тамақтанған сарбаз дені сау сарбаз екені рас.

Биыл Ұлттық ұланның «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшесінің құрылғанына – 25 жыл. Мергендер броньды қалқанмен жұмыс істеу мен ату кезінде бір-бірін алып шығудың жолдарын көрсетті.

Барша қазақстандықтың амандығы мен қауіпсіздігі үшін қызмет етіп келе жатқан олардың жұмысына толағай табыстар тілейміз. Себебі қай уақытта болмасын, қоғам тыныштығы басты орында болған.