Астанада Дүниежүзілік көпшілік алдында тоқу күніне арналған шығармашылық пикник өтті

Астанада Дүниежүзілік көпшілік алдында тоқу күніне арналған шығармашылық пикник өтті
Фото: «Шеберлік жолы» қоғамдық қоры

Елордада Дүниежүзілік көпшілік алдында тоқу күніне арналған шығармашылық пикник ұйымдастырылды. Ашық аспан астында өткен шараға балалардан бастап аға буын өкілдеріне дейінгі 50-ден астам қала тұрғыны қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Шеберлік жолы» қоғамдық қорына сілтеме жасап.

Іс-шараны «Шеберлік жолы» қоғамдық қоры мен Bergen әлеуметтік шеберханасы бірлесіп өткізді. Қатысушылар бірнеше сағат бойы тоқу өнерімен айналысып, түрлі шығармашылық жұмыстар мен байқауларға қатысып, өзара тәжірибе алмасты. Сонымен қатар қордың қызметі мен жүзеге асырып жатқан әлеуметтік жобалары туралы ақпарат алды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның басты мақсаты – шығармашылық арқылы адамдарды біріктіру, ұрпақтар сабақтастығын нығайту және еркін қарым-қатынас жасауға мүмкіндік беретін орта қалыптастыру.

«Дүниежүзілік көпшілік алдында тоқу күні – бұл жай ғана қолөнер мерекесі емес. Бұл шығармашылықтың адамдарды біріктіретінін, күйзелісті жеңуге көмектесетінін, дамуға шабыт беретінін және қоғамды мейірімді ететінін көрсететін мүмкіндік. Осындай бастамаларды қолдайтын қала тұрғындарының саны артып келе жатқаны бізді қуантады», – деді «Шеберлік жолы» қоғамдық қорының директоры Рахима Берген.

Пикник барысында тоқылған бұйымдар қордың алдағы әлеуметтік жобаларының бірінде пайдаланылмақ. Атап айтқанда, олар қалалық қоғамдық кеңістіктердегі ағаштарды сәндеуге бағытталған бастама аясында қолданылатын болады.

«Шеберлік жолы» қоғамдық қоры көптеген жылдар бойы балалар мен ересектердің шығармашылық әлеуетін дамытуға, әйелдерді, қарттарды және әлеуметтік осал топ өкілдерін қолдауға бағытталған жобаларды жүзеге асырып келеді. Қордың мәліметінше, осы уақытқа дейін 7 мыңнан астам адам тоқу өнерін меңгерген. Сондай-ақ шығармашылық тәжірибелер арқылы 150-ден астам адамға өмірдің күрделі кезеңдерін еңсеруге қолдау көрсетілген. Бұдан бөлек, қордың бастамалары Астанадағы үздік 50 әлеуметтік жобаның қатарына енген.

Пикникке қатысушылар қордың жобаларымен және оның қауымдастығымен жақынырақ танысып, шығармашылыққа негізделген әлеуметтік бастамалардың маңызын талқылады.

Айта кетейік, Дүниежүзілік көпшілік алдында тоқу күні жыл сайын әлемнің көптеген елдерінде аталып өтеді. Бұл күннің негізгі мақсаты – адамдарды шығармашылық арқылы жақындастыру, тәжірибе алмасуға және жаңа таныстықтар орнатуға мүмкіндік беретін орта қалыптастыру.