Боччадан Astana 2025 World Boccia Challenger жарысының ашылу салтанаты өтті

Бүгін, 19:05
Қанат Байұзақов Қанат Байұзақов
views68
Боччадан Astana 2025 World Boccia Challenger жарысының ашылу салтанаты өтті
Фото: Қазақстан бочча федерациясы

Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында боччадан елімізде алғаш рет халықаралық жарыс басталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Халықаралық бочча федерациясы (BISFed) аясындағы іріктеу жарысында спортшылар 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына рейтингтік ұпай жинайды.

Осы орайда Қазақстандағы бәсекеде Оңтүстік Корея, Тайпей, Сингапур, Үндістан, Италия, БАӘ, Өзбекстан, Кипр, Иран, Сауд Арабиясы, Әзербайжан, Египет және елімізден 56 пара спортшы бас қосып, 4 санат бойынша жүлдені сарапқа салады.

«Бұл беделді халықаралық сайыс – біздің еліміз үшін ерекше және бәрімізді жігерлендіретін маңызды оқиға. Осы алаңда барлық спортшыларды, жаттықтырушыларды, ата-аналарды және Халықаралық бочча федерациясының өкілдерін көргенімізге қуаныштымыз. Жалпы, Қазақстанда бочча тарихының басталғанына көп уақыт өткен жоқ. Нақты айтқанда, 2018 жылы мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарының бастамасымен бірінші бочча үйірмесі ашылған кезден бастау алады. Бұл қадам жарқын сәттерге жаңа жол ашты. 2021 жылы Қазақстандық бочча федерациясы құрылды. Содан бері федерацияның, ата-аналар мен жаттықтырушылардың бірлескен күш-жігерінің арқасында Қазақстанда бочча қарқынды дамуда. Қазіргі таңда еліміздің 20 қаласында 250-ден астам мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектер тұрақты түрде жаттығып келеді. Жыл өткен сайын спортшылардың қатары көбейіп, боччаның танымалдығы арта түсуде. Биыл Астанада инклюзивті спорт орталығының құрылысы басталды. Бұл нысан біздің боччистер үшін бірегей орын және елімізде параспортты дамытуға арналған маңызды алаң болмақ. 2023 жылы Ханчжоуда өткен Азия пара ойындарында біздің команда жалпы есепте 8-орынға табан тіреді. 2024 жылы cпортшыларымыз өз көрсеткіштерін одан әрі жақсарта түсті. Соның нәтижесінде параатлеттеріміз беделді халықаралық жарыстарда жүлделерге ие болды. Осындай жетістіктер пара спортшылардың жеке шеберлігі мен командалық рухының жарқын көрінісі екені анық. Бүгінде Қазақстан әлемде 19-орында тұр. Ал Орталық Азияда көш бастап тұр. Ұлттық құрамамызда 40-тан астам спортшы бар. Олардың ішіндегі үздік 10 атлет бүгінгі турнирге қатысуда. Алдағы күндерде біздің боччистер жақсы нәтиже көрсетеді деп сенеміз», - деді Парламент Сенатының төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев шараның салтанатты ашылуында.


Аталмыш жарыс 2025 жылдың әлемдік жарыс күнтізбесі бойынша бесінші мәрте ұйымдастырылып жатыр. Қазақстанға дейін биыл World Boccia Challenger жарысы Чили, Бахрейн, Финляндия, Польша елдерінде өтіп үлгерді. Еліміз бұл бәсекені бірінші рет өткізуге мүмкіндік алса да, құрама сапында тәжірибелі спортшыларымыз баршылық. Атап айтсақ, Алмат Ерзат, Қуаныш Асқарбеков, Итиана Шыңғысханова, Анастасия Кутурман сынды отандастарымыз шетелдік додаларда жүлде алып үлгерді. Соның арқасында жерлестеріміз әлемдік рейтингке де кірді. Олардың арасынан ең жоғарғы 17-сатыда Қуаныш Асқарбеков (BC1 санаты) тұр.

«Өз туған жеріме шетелдік спортшылардың келіп тұрғаны жақсы әсер сыйлайды. 4 жылдан бері боччаны қолға алғалы бері көптеген жетістіктерім Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында тіркеліп еді. Содан бері осы спорт кешенінің төсенішін бес саусақтай білемін деп айтсам болады. Бұл өз кезегінде жүлде алуға көмектеседі деп ойлаймын. Оның үстіне ата-анам да қасымда. Олардың қолдауы мен үшін өте маңызды», - деп ұлттық құраманың мүшесі Итиана Шыңғысханова эмоциясымен бөлісті.

Айта кетейік, боччадағы турнирлердің деңгейі Challenger, аймақтық чемпионат, Әлем Кубогы, Әлем чемпионаты және Паралимпиада ойындары деп бөлінеді. Көп жағдайда Challenger бәсекесін боччаны енді дамытып жатқан елдер өткізеді. Бұл жерде спортшылар ғана емес, төрешілердің де біліктілігін арттыруға жақсы мүмкіндік туындады. 

«Astana 2025 World Boccia Challenger турниріне Тайпей, Малайзия, Үндістан, Жапония, Аустралия, Испания және Қазақстанның төрт төрешісі қазылық етеді. Кеше арнайы семинар өткіздік. Осындай жарыстардың арқасында Қазақстан жаңа деңгейге шығады деп үміттенемін. Қазіргі сәтте боччадан Азия құрлығының бәсекелестігі өте жоғары. Тіпті әлемдік рейтингке үңілсеңіз, бастапқы ТОП-5-тен Қытай, Индонезия, Жапония, Оңтүстік Корея, Таиландты байқайсыз. Енді алдағы уақытта Қазақстан да бәсекеге қабілетті болады деп ойлаймын», - деді Испаниядан келген Калверол Лауро Мария Тереза атты төреші.

Енді 27 тамызға дейін жалғасатын әлемдік додада спортшылар B1, B2, B3, B4 санаты және жұптық, командалық сайыстарда жүлдегерлерді анықтайтын болады.