Елімізде мұнай экспорты төмендеді

30 сәуір, 2025
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Елімізде мұнай экспорты төмендеді
Фото: freepik

ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне сәйкес, 2025 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанның шикі мұнай экспорты 15,4 млн тоннаны құрап, 8,6 млрд долларды құрады. Бұл 2024 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда физикалық көлемде 14%-ға, ақшалай өлшемде 21%-ға төмендегенін көрсетеді, деп хабарлады Elordainfo.kz EC[ON]OMY kz-ге сілтеме жасап. 

Негізгі өзгерістер:
* Италия ірі импорттаушы ел болып қала береді, алайда мұнайдың құны 5%-ға төмендеді.
* Қытай және Сингапур импортты айтарлықтай қысқартты – сәйкесінше 82% және 74%-ғаазайды.
* Испания импорты күрт артты: көлемі 2,8 есе, құны 2,6 есе көбейді.
* Болгария мен Әзірбайжан импортты айтарлықтай өсірді. Болгария мұнай сатып алу көлемін екі еседен астам арттырды.
* Алты ел Қазақстан мұнайын импорттауды толықтай тоқтатты, олардың ішінде Оңтүстік Корея, Үндістан, Ұлыбритания, Хорватия, Польша және Бруней бар. Бұрын бұл елдер жалпы экспорттың шамамен 9%-ын құраған.
* Жаңа нарықтар пайда болды – Мысыр мен Багам аралдары, олар бұрын экспорттық статистикада болмаған.

Қазақстанда мұнай өндіру көлемі 2025 жылдың қаңтар-ақпанында 4%-ға артқанына қарамастан, экспорт көлемі қысқаруда. Бұл үрдістің ары қарай қалай дамитыны геосаяси жағдайға тікелей байланысты, өйткені баға динамикасы мен экспорттық бағыттарды айқындайтын негізгі фактор осы болып қала бермек.