Жайық өзені мемлекеттік маңызды су нысандарының тізіміне қашан енеді


Үкімет сағатында мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов трансшекаралық Жайық өзенін бiрлесiп пайдалану мәселесін көтерді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Мәжіліс депутаты су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке Қазақстан мен Ресей арасында Жайық өзініне қатысты қандай шаралар қабылданып жатқанын сұрады.
«Қазақстан бөлігінде Жайық өзіні мен оның салалары Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстары үшін негізгі су артериясы. Өздеріңізге белгілі, еліміздің осы бөлігінде тұщы судың маңызды көздері жоқ. Қазіргі кезде Қазақстан мен Ресей арасында Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау жөніндегі 2016 жылғы келісім бар. Алайда осы келісімге қол қою суды пайдалану мәселелерін кешенді шешуде айтарлықтай нәтижеге әкелген жоқ. Екі елдің арасындағы өзара іс-қимылды жандандыру үшін министрлік қандай шаралап қабылдап жатыр?»,- деді Дүйсенбай Тұрғанов .
Су ресурстары және ирригация министрінің сөзінше, бүгінде Жайық өзені бойынша арнайы жол картасы әзірленген.
«Жалпы Ресей Федерациясымен бізде 6 жұмысшы топ құрылған. Су көлеміне келетін болсақ, 2019 жылы Жайық өзені бойынша ең төмен көлемде Қазақстанға су берілген. Жалпы келісім бойынша біз жыл сайын 7,8 млрд текше метр су алуымыз керек. Ал 2019 жылы 3,5 млрд текше метр су келген. Сондықтан Мемлекет басшылары тапсырма беріп, Ресей мен Қазақстан арасында жол картасы әзірленді. Оның мақсаты – Жайық өзені бойынша міндетті түрде атқарылатын жұмыстарға мониторинг жүргізіп, тиісті шаралар қабылдау. Жол картасы 2020 жылы бекітіліп, 2024 дейін созылған. Көлемді жұмыстарға байланысты ол жол картасының мерзімі тағы ұзартылды. Сондықтан қазіргі таңда жұмыс жалғасып жатыр»,- деді министр.
Сонымен қатар мәжіліс депутаты Жайық өзені қашан мемлекеттік маңызды су нысандарының тізіміне енетінін сұрады.
«Бұл мәселелер депутаттар арасында бірнеше мәрте көтерілді. Біз қаулы жобасын дайындағанбыз. Бірақ зерттеулер қажет болғандықтан, әлі нақты шешімін тапқан жоқ. Бірақ қазіргі таңда Жайық өзініне байланысты зерттеулеріміз аяқталуға жақын. Соның негізінде біз Жайық өзенін мемлекеттік маңызды су нысандарының тізіміне енгіземіз», - деді су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.



