2035 жылға дейін елордада 13 жаңа медициналық нысан салынады


Астанада дүниежүзілік денсаулық күніне арналған іс-шаралар басталды. Бұл шараның мақсаты – тұрғындарға уақытында дәрігерге қаралу, аурудың алдын алу және ана мен баланың денсаулығын қорғаудың маңыздылығын түсіндіру, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бүгін Астана қаласының Коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингке Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова, №7 қалалық емхана директоры Айгүл Қуанышева, №2 қалалық көпбейінді аурухананың амбулаториялық қызметінің жетекшісі Сәуле Ибраева қатысты.
Баспасөз конференциясы барысында елордадағы денсаулық сақтау жүйесінің басты жетістіктері, маңызды бағыттары және жаңа жобалары таныстырылды.
Халық санының өсуі – жүйелі шешімдерді талап етеді
Астана – еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Қала халқының жылдық орташа өсімі 5%-ды құрайды. Бұл денсаулық сақтау жүйесіне үлкен жауапкершілік жүктейді, өйткені медициналық көмекке жүгінушілер саны жыл сайын артып келеді.
«Қалада бүгінде 44 емхана жұмыс істейді, олар 1,6 миллионнан астам адамға қызмет көрсетеді. Жыл сайын медициналық мекемелерге 10 миллионнан астам өтініш түседі. Бұл – инфрақұрылымды үнемі жетілдіруді, қызметтердің қолжетімділігін арттыруды және кадрлық әлеуетті нығайтуды талап етеді», - деді Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова.
Алдын алу және цифрландыру – басты назарда
№7 қалалық емхана директоры Айгүл Қуанышева қазіргі жағдайда басты басымдық – профилактикалық жұмыс екенін айтты. Өткен жылы мақсатты топтағы халықтың 90%-дан астамы скринингтен өтті. Бұл артериялық гипертензия, қант диабеті, онкологиялық аурулар сынды созылмалы дерттерді ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік берді.
«Амбулаториялық қызметтер бойынша 3,7 миллионнан астам кеңес берілді, оның ішінде 190 мыңы қашықтан жүргізілді», - деді ол.
Скринингтен бөлек, емханаларда жүрек жетіспеушілігі бар, антикоагулянттық терапия қабылдайтын және қарттарға арналған арнайы кабинеттер жұмыс істейді.
Салауатты өмірдің бастауы – бала кезден
Ана мен бала денсаулығына ерекше көңіл бөлінуде. Астанада «Жалпыға бірдей прогрессивті патронаж» моделі жүзеге асырылуда. Бұл модель арқылы дәрігерлер мен медбикелер баланың туған алғашқы күнінен бастап оның денсаулығы мен дамуын бақылауға, медициналық және әлеуметтік қауіптерді анықтауға көмектеседі.
«Бір күндік клиника» бағдарламасы аясында жүкті әйелдер барлық қажетті тексерулерден бір күнде өте алады. Биохимиялық скринингтен бастап, мамандар кеңесіне дейін. Бұл генетикалық және өзге де қауіптерді ерте анықтауға мүмкіндік береді», - деді №2 қалалық көпбейінді аурухананың амбулаториялық қызметінің жетекшісі Сәуле Ибраева.
Сонымен қатар мемлекет жүзеге асырып жатқан «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында тегін ЭКО квоталар ұсынылуда. 2021 жылдан бастап квоталар саны 7 есе артты, бағдарламаны іске асыратын клиникалар саны да көбейді. Мыңдаған отбасы осы бағдарламаның арқасында ата-ана болу бақытына ие болды.
Инфрақұрылым – басты басымдық
2024 жылы Астанада денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту бойынша мемлекеттік ауқымды бағдарлама іске асырыла бастады. 2035 жылға дейін елордада 13 жаңа медициналық нысан бой көтереді. Олардың қатарында: №2 көпбейінді қалалық аурухана жанындағы қабылдау-диагностикалық кешен, екі перинаталдық орталық, балалар мен ересектерге арналған көпбейінді ауруханалар бар.
Сондай-ақ жеті жаңа емхана (екеуі мемлекеттік, бесеуі жеке) салынады, жедел жәрдем қызметі заманауи шағын станциялармен толықтырылады. Бұл жобалардың бәрі тұрғындарға медициналық көмекті қолжетімді әрі сапалы етуге бағытталған.
Денсаулық – әркімнің жеке жауапкершілігі
«Денсаулық – ерекше құндылық, оған үнемі көңіл бөліп, қамқорлық жасау қажет. Біз барлық елорда тұрғындарын тұрақты медициналық тексеруден өтуге, дұрыс тамақтануға, белсенді өмір салтын ұстануға және мамандар кеңесін ескерусіз қалдырмауға шақырамыз. Салауатты өмір салты, уақтылы диагностика және қолжетімді медицина – әр адамның денсаулығының үш негізгі тірегі», - деді Әлия Шайзадақызы.
Бүгін қала емханаларында ашық есік күндері өткізіліп, аурулардың алдын алу бойынша дәрістер, кеңестер және тұрғындарға тіркелген мекенжайы бойынша көрсетілетін медициналық қызметтер туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Астанада нәрестелер өлімі 34%-ға, аналар өлімі 4 есеге азайған, ал туберкулезден өлім-жітім 3 есе төмендеген. Қала тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы 79 жасқа жетті. Бұл еліміздегі орташа деңгейден жоғары көрсеткіш. Мұндай нәтиже – денсаулық сақтау саласында жүргізілген тұрақты әрі тиімді жұмыстардың арқасы.



