Биыл тағы 30 мыңнан астам педагог біліктілік арттыру курстарынан өтеді

Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі, орта, арнайы білім беру педагогтеріне олардың бейіндік қызметтеріне қарай пәндік және цифрлық құзыреттерді дамыту, сондай-ақ инклюзиялық білім беру бойынша курстарды тұрақты түрде өткізуде, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Былтыр «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында 80 мыңнан астам педагог тегін курстардан өтті. Оның ішінде 57,8 пайызы – ауыл мектептерінің мұғалімдері. Ал осы жылдың басынан бері мұндай курстарға 39 мыңнан астам педагог қатысты.
2025 жылдың қыркүйегі мен желтоқсан айының аралығында Қазақстанда тағы 30 мыңнан астам педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Бағдарламалар бастауыш сыныптан бастап, қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттағы пән мұғалімдерін қамтиды. Сондай-ақ тыңдаушылардың бір бөлігі инклюзивті білім беру, көшбасшылық, инновациялар мен цифрлық құзыреттілікке қатысты курстар алады.
Олардың ішінде 80 сағаттық 43 курс офлайн форматта өтсе, 2 курс онлайн форматта ұйымдастырылған. Әсіресе «Инклюзивті білім беруді іске асыратын педагогтердің базалық құзыреттерін қалыптастыру», «Қаржылық сауаттылық негіздері», «Оқу үдерісі және ЖИ: генеративті модельдер мен промт-инжиниринг өнері» және Келешек мектептерінің педагогтеріне арналған курстарға басымдық берілуде.



