Alaqan pay: Оқушылар енді биометриялық төлем жасай алады

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің «Әлеуметтік салада жасанды интеллектіні қолдану» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде Оқу-ағарту вице-министрі Асылбек Ахметжанов мектептерде енгізіліп жатқан ЖИ жүйелері туралы айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Вице-министр 2025-2029 жылдарға арналған білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізудің тұжырымдамалық негіздері аясында соңғы уақытта ЖИ-ді білім беру мекемелеріне енгзуде ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.
Alaqan Mektep жобасы – ол алақанның виноздық биометриясын жасанды интеллект арқылы тану негізінде мектептерге арналған эко жүйе. Бұл жүйе оқушылардың мектеп шкафтарын карта немесе кілт қолданбай, қолдарын сермеу арқылы ашуына мүмкіндік береді. Жүйе компьютерлік көру технологиясына сүйеніп жұмыс істейді. Сонымен Alaqan pay жобасы мектеп асханасында биометриялық төлем жүйесін енгізуді көздейді. Мұндай тәсіл арқылы ақшаны ұрлау немесе тартып алу қаупі болмайды. Ата-аналар дүкендерден баланың тәттілерді немесе газдалған сусын алмай, толыққанды тамақтанғанын қашықтан бақылай алады. Бұдан бөлек, жасанды интеллектке негізгелген интеллектуалдық жүйе ретінде агрессивті мінез-құлық пен булинг жағдайларын нақты уақыт режимінде анықтап, жауапты тұлғаларға автоматты түрде хабарламалар жіберуді қамтамасыз етеді. бұл жүйе бейнебақылау құрылғыларымен интеграцияланады. Оқу процесіне ЖИ енгізу бағытына келетін болсақ, AI Kitap оқушының білім деңгейіне қарай бейімделетін заманауи цифрлық оқулық әзірленуде. Жүйе үлгерімді талдап, әлсіз тұстарын анықтап, қажетті білім бойынша толықтыруға бағыттайтын болады», - деді Асылбек Ахметжанов.
Оның айтуынша, DL of AI атты оқушыларға арналған онлайн курс жүргізілуде. Педагогтердің ЖИ қолдану бойынша біліктілігін арттыру мақсатында үш деңгейлі модель енгізілген. Қазіргі уақытта 180 мың педагог ЖИ негіздері бойынша оқытылған.
«ЖИ технологияларын білім беру жүйесіне экспериментальды енгізу жүзеге асырылуда. Ыбырай Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының базасында AI lab ұлттық зертханасы құрылып, ЖИ ресурстарын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде», - деді Асылбек Ахметжанов.
Вице-министрдің сөзінше, жасанды интеллектіні қолданатын мектептердің жұмыс істеу моделін қалыптастыруда 4 негізгі бағыт қарастырылған. Бұл – қауіпсіздік, басқару, оқу процесі және бағалау жүйесі. Қауіпсіздік бағыты бойынша биометриялық жүйе арқылы оқушылардың мектепке келуін автоматты тіркеу және ата-аналарға хабарлама жіберу мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар биометриялық төлем жасау жүйесі арқылы тамақтану кезіндегі қауіптерді азайту әлеуеті бар.
«Басқару бағыты шеңберінде ЖИ көмегімен оқу кестесін автоматты түрде құрастыру, оқу-әдістемелік жұмыстарды жоспарлау, оқу процесіне қатысушылар бойынша аналитикалық чат-боттар құру көзделген. Оқу процесі бағытында пәндер бойынша оқу материалдарын жекелендіруге арналған ЖИ оқулықтар, ЖИ репититорлар сабақ жоспарларын, тестілер мен презентацияларды автоматты түрде генерациялау технологиялары көзделген.
Бағалау жүйесі бойынша тапсырмаларды автоматты түрде тексеру, оқушыларға жекелендірілген кеңес беру, тест нәтижелерін сараптау арқылы кемшіліктерді анықтау және түзету механизмдері кәсіптік бағдар беру құралдары қарастырылған. Негізгі көрсеткіштер – білім сапасын арттыру, мұғалімдердің жүктемелерін азайту», - деді Оқу-ағарту вице-министрі.
Нұрдәулет Кәкіш



