Су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасы су саясатын жоспарлауға мүмкіндік береді – Гүлмира Сатыбалдиева

8 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Биыл Президент тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту мәселелерін көтеріп, оны іске асыруға арналған нақты тапсырмалар берді. C. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті Ауыл және орман шаруашылығы институтының қауымдастырылған профессоры, биология ғылымдарының кандидаты Гүлмира Сатыбалдиева айтылған мәселелерге байланысты өз пікірін білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Биыл Президент Қазақстан халқына жолдауында өзекті мәселелерді көтерді. Негізгі мақсат - еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Соның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту мәселесіне тоқталды. Мемлекет басшысы айтқан су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын жасау қажеттілігін толық қолдаймын. Бұл платформада жасанды интеллект негізінде жерүсті және жерасты сулары туралы мәлімет жинақталады. Ал ол мәліметтер су ресурстарын ұтымды пайдалануда негізгі құралдардың бірі болатынына сенемін»,- деді Гүлмира Сатыбалдиева .
Сала маманы аталған платформа жүйелі түрде еліміздің су ресурстарының жағдайын бағалауға мүмкіндік беретінін айтты.
«Цифрлық платформа су саясатын жоспарлауға, су ресурстарын ұтымды пайдалануға және шаруашылықтар мен кәсіпорындарға тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік беретіні анық. Суды үнемдеу және ұтымды пайдалану мақсатында «Ақылды қала» жүйесін кеңінен қолданып, еліміздің әрбір азаматы экологиялық мәдениетін қалыптастыруымыз қажет. Сонымен қатар су үнемдейтін әлемдегі ең озық технологияларды енгізу жұмыстарын күшейту мақсатында шаруашылықтарға субсидиялар қарастырылуы қажет»,- деді ол.
Сондай-ақ Гүлмира Сатыбалдиева Мемлекет басшысы айтқан Каспий теңізінің мәселелеріне тоқталды.
«Жалпы Каспийдегі су деңгейінің өзгеруі, мұнай мен оның өнімдерінен болатын ластану, сондай-ақ биоалуантүрлілікті қорғау мәселелері серіктес елдермен бірлесе отырып шешілуі қажет. Президент Үкіметке Каспий теңізінің су қорын сақтау бойынша мемлекетаралық бағдарлама дайындауды жүктеді. Мұндай бағдарлама Каспий маңы мемлекеттерінің үйлесімді және шұғыл әрекет етуіне негіз болуға тиіс. Жалпы, қоршаған ортаға ұқыпты қарап, оған терең жауапкершілікпен және шынайы жанашырлықпен қарау ұлттық идеологияның өзегіне айналуы қажет»,- деді ол.



