«Жолдау – жаңа дәуірге қадам»: Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев пікір білдірді

Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев әлеуметтік желідегі парақшасында Жолдаудағы маңызды бағыттар туралы айтты, деп хабрлайды Elordainfo.kz.
Депутат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын арнап, елдің алдағы даму басымдықтарын айқындап бергенін айтты. Оның айтуынша, Жолдау – жаңа дәуірге қадам басудың нақты бағдары.
Маған ерекше әсер еткен бірнеше маңызды бағытқа тоқталғым келеді:
-Қазақстанның толыққанды цифрлық елге айналуы. Президентіміздің «үш жыл ішінде еліміз толық цифрлық мемлекетке айналуы тиіс» деген сөзі – біздің болашағымыздың кілті. Бұл қадам мемлекеттік басқару тиімділігін арттырып қана қоймай, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жаңа деңгейге көтереді.
-Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің құрылуы. Бұл – уақыт талабы. Жасанды интеллект – тек технология емес, экономиканың барлық саласын түрлендіретін, жаңа жұмыс орындарын ашатын қуатты құрал. Қазақстан бұл үрдістен тыс қалмауы тиіс.
-Alatau City инновациялық орталығы. Жаңа қала – ғылым мен технологияның, бизнес пен білімнің тоғысқан ордасы болмақ. Бұл жоба елге жаңа инвестиция тартып қана қоймай, жастарымыздың шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруына жол ашады.
-Атом энергетикасын дамыту. Әлемде энергия тапшылығы өзекті болып тұрған шақта, Қазақстан баламалы әрі қауіпсіз шешім ұсынуы керек. Президент атап өткендей, бұл мәселе ашық талқыланып, сарапшылар мен халықтың пікірі ескерілуі тиіс.
-Агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту. Ауыл – елдің тірегі. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығына жаңа технология, ғылым мен инновация енгізу қажет. Бұл – «Ауыл» партиясының да басты мақсаты.
-Көлік-логистика саласын дамыту. Қазақстанның географиялық артықшылығын тиімді пайдаланып, Еуразиядағы басты транзиттік хабқа айналу – еліміздің экономикалық өсімін еселейтін бағыт.
Ол Жолдаудағы бастамалардың барлығы Қазақстанды жаңа деңгейге шығарып, халқымыздың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталғанын атап өтті.
Мен Президентіміздің Жолдауын толық қолдаймын.
Біздің міндетіміз – осы айтылған жоспарларды халыққа түсіндіріп, іске асуына белсенді атсалысу.
«Ауыл» партиясы әрқашан ауылдың, елдің мүддесін қорғап келген. Алдағы уақытта да осы бағытта жұмыс істеп, Мемлекет басшысының бастамаларын қолдай отырып, елдің дамуына өз үлесімізді қоса береміз, - деп жазды депутат.



