Жұлдыз Сүлейменова: Жолдау – Қазақстанды жаңа дәуір жолына бастайтын айқын бағдар

12 қыркүйек, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
views920
Жұлдыз Сүлейменова: Жолдау – Қазақстанды жаңа дәуір жолына бастайтын айқын бағдар
Фото: parlam.kz

Мемлекет басшысы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оларды түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің даму бағытын айқындап, алдағы жылдардағы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарын белгіледі. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Мемлекет басшысы Жолдауда цифрлық күн тәртібіне ерекше мән берді. Президент жасанды интеллектіні кеңінен қолдану және ауқымды цифрландыру Қазақстанның стратегиялық дамуының басты тетігіне айналуы тиіс екенін атап өтті. Шын мәнінде, бұл қадам елдің барлық саладағы әлеуетін күшейтеді және экономика, әлеуметтік жүйенің жаңа сапалы деңгейге көтерілуіне жол ашады.

Мемлекет басшысы түбегейлі цифрлық өзгерістердің түпкі мақсаты – халықтың тұрмысын жақсарту, өмір сапасын арттыру және Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін нығайту екенін ерекше айтты. Осыған байланысты елімізді толыққанды цифрлық держава ретінде қалыптастыру – жақын жылдардағы негізгі міндеттердің бірі. Бұл бағыт жаңа технологияларды экономикалық жаңғыру мен әлеуметтік тұрақтылықтың берік негізіне айналдырады.

Көзделген мақсаттарға жету үшін цифрлық дамудың басты бағыттарын айқындайтын Цифрлық кодексті жедел қабылдау қажет», - деді Жұлдыз Сүлейменова.

Сондай-ақ депутат Президенттің барлық цифрлық бастамаларын бір арнаға тоғыстыратын Digital Qazaqstan бірыңғай стратегиясын әзірлеуді тапсырғанын атап өтті.

«Президент Жолдауы – Қазақстанды жаңа дәуірдің кешенді жаңғырту жолына бастайтын айқын бағдар. Жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді кеңінен енгізу еліміздің бәсекеге қабілеттілігінің кепілі әрі орнықты дамудың негізгі шарты болатыны сөзсіз.

Президенттің жүктеген міндеттерін орындау – Үкімет пен Парламенттің ғана емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Біз бірлікпен әрекет еткенде ғана Әділетті, Қуатты Қазақстанды табысты қалыптастырып, дамытатын боламыз», - деді Мәжіліс депутаты.