Қорғаншылық органдары қызметкерлерінің саны 3,3 есеге артты

Бүгін, 09:31
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views42
Қорғаншылық органдары қызметкерлерінің саны 3,3 есеге артты
Фото: Оңалхан Өнерхан

Бүгінде елімізде қорғаншылық органдары мамандарының саны 3,3 есеге, яғни 303-тен 1 006-ға дейін артты. Бұл отбасыларға көрсетілетін көмектің ауқымын кеңейтуге, қолжетімділікті арттыруға және сүйемелдеудің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Жыл соңына дейін штаттық құрамды 1 383 адамға дейін ұлғайту көзделуде, деп хабарлады Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

2024 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік наградалар, білім беру және бала құқықтарын қорғау туралы» заңымен алғаш рет нақты норма бекітілген болатын: енді әрбір 5 мың балаға бір маман қарастырылады.

Сондай-ақ өңірлерде қорғаншылық органдарының жұмысын үйлестіретін жаңа құрылымдар құрылуда. Мәселен, Ақтөбе облысында Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы ашылды. Алдағы уақытта осындай бөлімшелер Астана қаласында және Қостанай облысында іске қосылады.

«Жаңа штаттық норма Қазақстан үшін алғаш рет енгізіліп отыр және халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді. Бұл жергілікті деңгейде туындайтын мәселелерді жедел шешуге, сондай-ақ балалар мен олардың отбасыларына уақтылы көмек көрсетуге мүмкіндік береді», — деді Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Айта кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі Бала құқықтары жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп қорғаншылық органдары қызметкерлеріне арналған семинар-тренинг өткізген болатын. Оның қорытындысы бойынша мамандарға әдістемелік ұсынымдар берілді, бүгінде олар іс жүзінде қолданыс табуда.