Астаналық оқушылар Алаш қайраткерлері туралы деректі фильм түсіріп жатыр

Бүгін, 15:23
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views42
Астаналық оқушылар Алаш қайраткерлері туралы деректі фильм түсіріп жатыр
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

Астана қаласы «Алматы» ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы мен №73 мектеп-лицейі арасындағы ынтымақтастық аясында соңғы үш жылда бірқатар тәрбиелік-танымдық бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Осы жұмыстардың бірі Алаш мұрасын насихаттауға арналған тың жобалардың жүзеге асырылуы болды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Атап айтқанда, аталған білім ордасының тарих пәні мұғалімі, Алаш мұрасын зерттеуші, арнайы бағдарлама авторы Гаури Жомартованың бастамасымен және Президенттік мұрағаттан алынған тарихи құжаттар мен заңгер Абзал Құспанның «Алаш заңгерлері» еңбегіне сүйене отырып, деректі фильм түсіру жұмысы қолға алынды.
Фильмнің басты идеясы – ХХ ғасыр басындағы Алаш қайраткері, ел үшін еңбегі сіңген тұлға Ораз Жандосовтың өмір жолын жас ұрпаққа таныстыру, оның есімін ұлықтап, тарихи әділдікті қалпына келтіру. Бұл бастама №73 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушылары Жансері Сенғазы мен Ертай Естайдың ғылыми жобасы аясында туындаған. Аталған оқушылар фильмде басты рөлдерді де өздері сомдап, тарихи образдарды шынайы жеткізуге атсалысып отыр.
Жобаға кәсіби тұрғыдан жетекшілік ету мақсатында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының мүшесі, елімізге белгілі режиссер, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атағының, Ресей Федерациясының «Достық» орденінің және мемлекеттік «Алтын адам» номинациясының иегері Еркін Қасенов тартылды.
Режиссердің бай шығармашылық тәжірибесі мен кәсіби шеберлігі жобаның сапалы әрі мазмұнды болуына кепіл болмақ.
Сондай-ақ фильмге саундтрек ретінде композитор Кентау Назарбектің Алаш арыстарына арналған «Арыстарым» атты әнін пайдалану туралы рұқсаты алынған. Бұл туынды фильмнің идеялық мазмұнын толықтырып, көрерменге рухани әсер ету мүмкіндігін арттырады.
Фильмнің басты ерекшелігі – тарихи деректер мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін біріктіру арқылы әлі де зерттелмеген немесе халыққа беймәлім Алаш қайраткерлерінің қызметін визуалды түрде насихаттау. Бұл – жас ұрпақтың бойында ұлттық сана мен тарихи жадыны қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.