Жолдардың жабылуына байланысты Көкшетау - Астана бағытында арнайы электр пойыздары қатынайды
ҚТЖ тас жолдардың жабылуына байланысты жолаушыларды тасымалдау үшін Көкшетау - Астана бағытында екі электр пойызды тағайындады, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қолайсыз ауа райы салдарынан тас жолдарда уақытша қозғалыс шектеулері енгізілуіне байланысты ҚТЖ өңірлер арасындағы көлік қатынасының қолжетімділігін қамтамасыз ету және жолаушыларды тасымалдауды ұйымдастыру мақсатында қала маңындағы пойыздарды тағайындады.
Көкшетау, Бурабай курорты, Макинка және Ақкөл станцияларынан Астана станциясына дейін жолаушыларды отырғызу үшін төмендегі пойыздар қатынайды:
- № 6830 «Көкшетау - Астана»;
- № 7508 «Көкшетау - Астана».
«Қолайсыз ауа райы жағдайында теміржол көлігі ең сенімді әрі қауіпсіз қатынас түрлерінің бірі болып қала береді. Ұлттық тасымалдаушы жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге бағытталған барлық қажетті шараларды қабылдап, азаматтарды сапарларын жоспарлау кезінде ауа райы жағдайларын ескеруге шақырады», - деп жазылған «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінің хабарламасында.
Бұған дейін астаналық құтқарушылар қолайсыз ауа райына байланысты үндеу жасағанын жаздық.