Талдықорғанда әлеуметтік желі арқылы сеніміне кірген таныстарын бопсалаумен айналысқан 9 адам сотталды

Талдықорғанда әлеуметтік желі арқылы сеніміне кірген таныстарын бопсалаумен айналысқан 9 адам сотталды
Фото: pexels.com

Жетісу облысында әлеуметтік желі мен мобильді қосымшалар арқылы танысып, сеніміне кірген адамдарға психологиялық қысым көрсетіп, ірі көлемдегі қаражат бопсалаумен айналысқан адамдар тобының қылмыстық схемасы әшкере болды, деп хабарлады Elordainfo.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Өңір аумағында азаматтарды бопсалаумен айналысқан топ 2024 жылдың мамырынан 2025 жылдың наурызына дейін әрекет еткен. Қаскүнемдер әлеуметтік желі мен мобильді қосымша арқылы жәбірленушілердің сеніміне кіріп, кейін түрлі сылтаумен оларды өз үйіне шақырған.

Қылмыстық схема психологиялық қысым мен манипуляцияға негізделген. Ала бөлінген рөлдер бойынша әрекет еткен ұйымдасқан топ жәбірленушілерді «зорлау фактісі бойынша полицияға арыз беремін» деп қорқытқан. «Мәселені реттеу» үшін олардан ірі көлемде ақша талап еткен. Осылайша, жәбірленушілер жалған айып бойынша қатты қысымға ұшыраған.

Заңға қайшы әрекет еткен топ ұсталып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілген. Тергеу нәтижелері бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды.

Талдықорған қалалық сотының үкімімен ұйымдасқан топ мүшелері кінәлі деп танылып, оларға түрлі мерзімге жаза тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ. 

Бұған дейін Павлодарда бұрынғы әйелінің қымбат көлігін өртеген ер адамның сотталғанын жаздық.