Павлодарда бұрынғы әйелінің қымбат көлігін өртеген ер адам сотталды

Павлодарда бұрынғы әйелінің қымбат көлігін өртеген ер адам сотталды
Фото: pexels.com

Павлодарда бұрынғы әйелінің 24,8 млн теңге тұратын көлігін өртеуге тапсырыс берген ер адам мен тапсырысты орындаған оның туысына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлады Elordainfo.kz облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сотта Н.-ның бұрын некелік қатынаста болған жәбірленуші З.-ға тиесілі «Toyota Land Cruiser 200» автокөлігін өртеп жіберуді ұйымдастырғаны анықталды.

Белгілі болғандай, Н. қылмыстық ниетін жүзеге асыру үшін туысы Б.-ға ақшалай сыйақы беруді уәде еткен. Б. алдын ала сөз байласу бойынша 2024 жылдың тамыз айында жанар-жағармай құю бекетінен 1 литр бензин сатып алып, шамамен сағат түнгі 02:20-да жәбірленушінің тұрғылықты жеріне барып, тұрақтағы автокөліктің капотына бензин құйып, өртеп жіберген.

Сарапшының қорытындысына сәйкес, көлікті қалпына келтіру мүмкін емес. Келтірілген залал – 24 873 230 теңге.

Сот үкімімен сотталушылар кінәлі деп танылып, Н. 6 жыл 8 айға, Б. 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

«Жәбірленушінің материалдық залал мен сот шығындарын өндіру туралы азаматтық талап қоюы қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ», – делінген хабарламада.

Бұған дейін Астанада әйелді алты ай бойы аңдып, сталкинг жасаған ер адамның сотталғанын жазған едік.