Су тасқынына дайындық: қауіпті жол учаскелері азайтылды

Бүгін, 17:35
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Су тасқынына дайындық: қауіпті жол учаскелері азайтылды
Фото: ОКҚ

Автомобиль жолдарын су тасқынына дайындау аясында жол инфрақұрылымының қауіпсіздігі мен тұрақтылығын арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап. 

Соңғы жылдары республикалық маңызы бар жолдарда жүргізілген кешенді шаралардың нәтижесінде су тасқыны қаупі бар учаскелер саны 396-дан 229-ға дейін қысқарды. Бұл көрсеткіш реконструкция, сондай-ақ күрделі және орташа жөндеу жұмыстарының нәтижесінен қол жеткізілді.

«Өткен жылы 582 су өткізгіш құбыр орнатылды, оның ішінде 162-сі қайта жаңарту аясында, 54-і күрделі жөндеу кезінде және 366-сы орташа жөндеу жұмыстары барысында жүзеге асырылды. Сонымен қатар, бес көпірге күрделі жөндеу жүргізілді: оның төртеуі Шығыс Қазақстан облысында және біреуі Қостанай облысында. Биыл Ақмола және Ақтөбе облыстарында екі көпірді күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады», - деді ҚР КМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстел барысында.

Қазіргі уақытта су тасқынына қарсы іс-шаралар бекітіліп, орталық және өңірлік деңгейде комиссиялар құрылды. Жол қызметтері күшейтілген режимге көшіп, кезекшілік ұйымдастырылған. Ең қауіпті учаскелерде баламалы бағыттар әзірленді.

Еске салайық, бұған дейін елімізде су қоймалары реконструкцияланғаны туралы жаздық.