Степногорск ауруханасындағы құрылыс дауы: прокуратура 80 млн теңгенің негізсіз төленгенін әшкереледі

Степногорск ауруханасындағы құрылыс дауы: прокуратура 80 млн теңгенің негізсіз төленгенін әшкереледі
Фото: Оңалхан Өнерхан

Степногорск көпбейінді қалалық ауруханасының «Г және Е» операциялық блогын салу кезінде заңнама талаптарының сақталуын тексеру барысында прокуратура мердігер тарапынан құрылыс нормаларының бұзылғанын анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жұмыстардың сапасыз орындалуы бюджет қаражатының негізсіз төленуіне әкеп соққан.

Аталған заңбұзушылықтар техникалық және авторлық қадағалау, сондай-ақ тапсырыс беруші тарапынан тиісті бақылаудың болмауы салдарынан орын алған.

Прокуратура қадағалау актісін қарау нәтижесінде мердігермен жасалған шарт бұзылды.

Тапсырыс беруші 80 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражатын қайтару туралы сотқа талап арыз берді. Денсаулық сақтау басқармасының екі лауазымды тұлғасы тәртіптік жауаптылыққа тартылды.

«Қазіргі уақытта жаңа мердігерді тағайындау және нысанның құрылысын қысқа мерзімде аяқтау бойынша шаралар қабылданып жатыр. Бюджет қаражатының заңды әрі тиімді пайдалану мәселелері прокуратураның тұрақты бақылауында», – делінген хабарламада.

Бұған дейін елордалық прокурорлардың оқушылармен кездескенін жаздық