Шетелдіктер қызыға да, қызғана да қарайды – Президент елдегі әлеуметтік қызметтің дамуы туралы
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Turkistan газетіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, ғылым және мәдениет саласына қатысты барлық міндеттеме толық орындалады. «Сырт көз – сыншы» деген сөз бар. Шетелдіктер, әсіресе, көрші мемлекеттердің тұрғындары біздің елдегі әлеуметтік қызметтің соншалықты дамығанына қызыға да, қызғана да қарайды. Соның ішінде кепілдік берілген тегін медициналық көмек және азаматтарға арналған көптеген жеңілдік бар. Тіпті, Қазақстанды «коммунизм орнаған» ел деп атай бастады.
Мысал ретінде, жекеменшік мектептердің иелері де ауқымды мемлекеттік субсидия алатын орта білім жүйесін айтуға болады. Барлық аймаққа жекеменшік мектептердің, балабақшалардың, оқу орталықтары мен үйірмелердің жұмысын қамтамасыз ету үшін «жан басына сәйкес қаржыландыру» қағидаты бойынша қомақты қаражат бөлу міндеті жүктелген. Бұған қоса, ауқатты кәсіпкерлердің меншігіндегі және ата-аналары балалардың оқу ақысына көп ақша төлеп отырған элиталық мектептерге де бюджеттен қаржы бөлінеді.
Бұл саланы мемлекеттен қаржыландыру жүйесінің өзін реформалау керек. Министрліктің бұрынғы басшылары енгізген бүгінгі бұрмаланған тәртіп бей-берекеттікке әкеп соқтырады, себебі, қазірдің өзінде қаражат жетпей жатыр.
Жекеменшік медицина саласында да осыған ұқсас ахуал қалыптасқан. Бұрын жекешелендірілген медицина мекемелері көбінесе күрделі құрал-жабдықтар сатып алмайды, тексеруден өту үшін науқастарды мемлекеттік емханаларға жібереді. Бірақ, ең бастысы, оларға шын мәнінде науқастардың санына қарай емес, «тіркелген» адамдардың санына қарай бюджеттен ақша бөлінеді және бұл «жан басына сәйкес қаржыландыру» деп аталады. Науқастардың санында мүлде нақтылық жоқ, тіркеу жұмыстары қалай болса солай жүргізіледі. Барлығы ашық болуға тиіс, осы саладағы үрдістің бәрін цифрландырған жөн.
Жалпы, бұл – күрделі мәселе, Үкімет бұған назар аударуға тиіс. Мен лауазымды тұлғалардың мұндай жағдайға жол беріп қана қоймай, мемлекет мүддесіне қайшы келетін нәрселерді «өз қолымен» жасағанына таңғаламын.
Бір сөзбен айтқанда, тиісті мекемелердің жөнсіз іс-әрекеттерінің кесірінен білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы жеке кәсіпкерлік ұғымы бұрмаланып кеткен. Ахуалды түзеу қажет. Бюджеттен қаржы бөлінбесе, әлеуметтік нысандардың қиын жағдайға тап болуы мүмкін екенін түсінемін. Бірақ, жеке бизнесті түгелдей дерлік мемлекеттің мойнына артып қоюға болмайды.
Cонымен бірге, медицина туризмі тұрғысынан алғанда Астана мен басқа да қалаларымыздың танымалдығы арта түскені көңіл қуантады. Дәрігерге қаралып, сапалы ем-дом алу үшін көрші елдерден бөлек, тіпті, АҚШ-тың және Еуропаның кейбір мемлекеттерінің азаматтары Қазақстанға келіп жатыр», - деді Президент.
Мемлекет басшысы бұл тұрғыда мұғалімдер мен медицина саласының қызметкерлеріне өте жақсы қолдау көрсетіліп отырғанын айтты.
«Олардың жалақысы бірнеше есе өсіп, қоғамдағы мәртебесі де арта түсті. Бұл дер кезінде қабылданған орынды шешім болды.
Бірақ, алаяқтыққа жол берілмейді. Кеңес заманындағы түрлі аймақтық қақтығыстарға қатысқан «ардагерлер» әлі күнге дейін әлеуметтік жеңілдіктерді пайдаланып келеді. Мен халыққа Жолдауымда Кеңес Одағының күйрегеніне отыз жылдан астам уақыт өтсе де, «ардагерлер» күн өткен сайын көбейіп, неге екені белгісіз, жасарып бара жатқанын айттым.
Тағы бір мысал. Статистикаға қарасақ, Қазақстанда 740 мыңнан астам мүгедек адам бар екен. Еліміздің ешқандай қарулы қақтығысқа қатыспайтынын ескерсек, 20 миллион халқы бар мемлекет үшін мұның көптеу екеніне келісетін шығарсыз. Кезінде жауапты мекеме қызметкерлері мемлекеттен көмек алу үшін туыстарын, мәселен, гипертония диагнозы қойылған жақындарын мүгедектер қатарына қосып жаза салғаны анықталып отыр. Мұндай заңсыз әрекеттер аз емес. Сондықтан, Үкімет пен құқық қорғау органдарына осы салада тәртіп орнатуды тапсырдым.
Қандастар мәселесіне келсек. Әрине, мен сырттағы ағайынның тарихи Отанына оралғанын құптаймын. Бірақ, олардың қоғамымызға дұрыс кірігуіне қатысты мәселелерді шешу қажет. Былтыр Қазақстанға 16 мыңнан астам қандас көшіп келген. Соның ішінде еңбекке жарамды азаматтардың он бес пайызының ғана жоғары білімі бар. Сол себепті көбі Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық ортаға бейімделу барысында қиындықтарға тап болады. Олар негізінен Алматы облысының халық көп тұратын аудандары мен ауылдарына және Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласына қоныстанған. Орталық және жергілікті билік, сондай-ақ, құқық қорғау органдары бұл жағдайға назар аударуға мәжбүр болып отыр.
Мен былтырғы сұхбатымда Қазақстанда барлық азаматтың құқығы бірдей екенін, ешкімге ешқандай артықшылық немесе басымдық берілмейтінін айттым. Біз өркениетті, әділетті мемлекет құрып жатырмыз. «Заң үстемдігін» қамтамасыз ету, білімнің сапасын арттыру, мәдениетті болу, аянбай еңбек ету, тәртіпке бас ию және мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау арқылы ғана осы мақсатқа жетеміз. Еліміздің болашағы дарынды, бастамашыл әрі отаншыл жастардың қолында.
Мен мұны үнемі айтып жүремін. Себебі, Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың жасампаз қуатына сенемін», - деді ол.
Еске салайық, бұдан бұрын Turkistan газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты көлемді сұхбаты жарияланғаны туралы жаздық.