Қазақстан мен Ресей төрт өзен бассейніндегі су тасқынына дайындықты талқылады
Су тасқыны кезеңіндегі өзара іс-қимыл мәселелері бойынша Қазақстан-Ресей бірлескен жұмыс тобының IV отырысы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстандық делегацияны ҚР СРИМ Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті төрағасының орынбасары Гүлмира Имашева басқарды. Ресей тарапынан Ресей Федерациясының Су ресурстары федерал агенттігінің су шаруашылығы қызметін реттеу басқармасының басшысы Дмитрий Савостицкий қатысты.
Отырыста тараптар гидрометеорологиялық жағдайды ескере отырып, алдағы көктемгі су тасқынының болжамдары мен ерекшеліктерін талқылады. Сондай-ақ су қоймаларына келетін су көлемін алдын ала бағалау негізінде Жайық, Тобыл, Есіл және Ертіс өзендері бассейндерінде тасқын суды өткізу сценарийлері келісілді.
Тараптар 2026 жылғы 2 наурыздан бастап су қоймаларының жұмыс режимдері мен гидробекеттердегі су деңгейлері туралы күнделікті ақпарат алмасуды бастауға келісті.
«Қазіргі уақытта біз ресейлік әріптестерімізбен бірге трансшекаралық өзендер бассейндеріндегі су шаруашылығы жағдайын мұқият бақылап отырмыз. Су қоймаларында тасқын суды қабылдауға дайындық жүргізіліп жатыр», - деді СРИМ Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті төрағасының орынбасары Гүлмира Имашева.
Еске салайық, бұған дейін ел аумағында 700-ден астам бұлақ анықталғанын жаздық.