Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 74 қару тәркіленді – ІІМ
Ішкі істер министрлігі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету шараларын күшейтуді жалғастыруда, оның ішінде заңсыз айналымдағы қаруды тәркілеу жұмыстары да бар, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
- Жыл басынан бері 900-ден астам қару тәркіленді, оның ішінде Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 74 қару бар. Сондай-ақ айналымнан төрт мыңнан астам оқ-дәрі алынған. 27-29 сәуір аралығында елде «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел алдын алу іс-шарасының екінші кезеңі өткізілді. Үш күн ішінде 67 атыс қаруы және түрлі калибрдегі 200-ден астам оқ-дәрі тәркіленді.
27 сәуір күні Алматы қаласында полиция қызметкерлері Сайран көлінің жағасынан қаңтар оқиғасы кезінде қару-жарақ дүкенінен ұрланған қаруды анықтады.
Ішкі істер министрлігі ескертеді: заңсыз сақталған қаруды ерікті түрде тапсыру қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатады. Азаматтарды заңсыз сақталған қаруды тапсырып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өз үлесін қосуға шақырамыз, - деді ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.
Еске сала кетейік, елімізде 1 400-ден астам адам заңсыз алтын өндірумен айналысқан.