Проблемалық кредиттер қоры басқармасының бұрынғы төрағасы ұсталды
ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі прокуратураның үйлестіруімен лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланды деген күдікпен Қаржы министрлігінің «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ басқармасының бұрынғы төрағасын ұстады, деп хабарлайды Elordainfo.kz комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Тергеу материалдарына сәйкес, ол жекеменшік иесіне қорға аударылуға тиіс кепіл мүлкін сатудан түскен ақша қаражатын ұстап қалу құқығын заңсыз беріп, мемлекетке 11,4 млрд теңге көлемінде залал келтірген. Бұдан бөлек, ол мемлекеттік мүлікті төмендетілген құнмен сатқан, осының салдарынан бюджетке 1,3 млрд теңгеден астам қаражат түспей қалған», делінген хабарламада.
Сондай-ақ құжаттарды қолдан жасау арқылы кепілге қойылған жер учаскелерін сатып, қорға 800 млн теңге көлемінде залал келтірген борышкер компаниялардың меншік иесі мен оның сыбайластары ұсталды.
Соттың санкциясымен олар Қылмыстық кодекстің 190 және 361-баптары бойынша қамауға алынып, мүлікке тыйым салынды.
Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Еске сала кетсек, Абай облысында жемқорлық үшін сотталған экс-әкім ауданның «Құрметті азаматы» атағынан айырылды.