Абай облысында жемқорлық үшін сотталған экс-әкім Құрметті азамат атағынан айырылды
Абай облысы прокуратурасы Бесқарағай аудандық мәслихатының бұрынғы аудан әкімі Нұрлан Сыдықовқа «Ауданның Құрметті азаматы» атағын беру туралы шешімінің заңдылығын тексерді, деп хабарлады Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Қолданыстағы Қағидаларға сәйкес «Абай облысының (қаланың, ауданның) Құрметті азаматы» атағы мінсіз еңбегі мен қоғам тарапынан мойындалған елеулі қоғамдық пайдалы нәтижелері бар жетістіктері үшін азаматтарға беріледі.
Нурлан Сыдыков Жарма ауданының әкімі қызметін атқара отырып, сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған және Жарма аудандық сотының үкімімен сотталған.
Бұрын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға қатысы болған тұлғаға мұндай атақ беруге жол берілмейді.
Абай облысы прокуратурасының наразылығы бойынша, аудандық мәслихаттың шешімімен экс-әкім «Ауданның Құрметті азаматы» атағына ие болған адамдар тізімінен шығарылды.
Еске салайық, бұған дейін алаяқтық жасады деп айыпталған қазақстандықтың Түркиядан экстрадицияланғаны туралы жаздық.